Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Екінші Жалпы қазақ-қырғыз сиезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп, өз алдына автономия етуге қаулы қылды

22:02, 09 мамыр 2024 485

СЫРДАРИЯ ҚАЗАҒЫНЫҢ СИЕЗІ

Алаш ордасы Сырдария қазақтарына мынадай телеграм берді:

"Екінші Жалпы қазақ-қырғыз сиезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп, өз алдына автономия етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алаш ордасы 5-інші януарда Түркістан шаһарына Сырдария облысының сиезін шақырады.

Сиезге болыс басы бір өкіл келсін. Мұстафа һәм жолдастары бұл сиезді 10-ыншы януарға шақырған еді. Оны өзгертіп, 5-інде болсын делінді.

Түркістан қазақтарымен сөйлесуге Алаш ордасы Бақыткерей Құлмановты, Миряғқұб Дулатовты һәм Турағұл Құнанбаевты жібереді.

Уақыт шұғыл, мәселе зор болғандықтан, шақырылған өкілдер сиезге айтылған күннен қалмай келулері керек.

Бұл сиезге болыс басы бір кісінің үстіне мына кісілер арналып шақырылады: Байсын ақсақал Көлдейұлы, Юсұфбек Басығараұлы, Ибраһим Қасымұлы, Иманберді ақсақал, Сабырқұл Аллабергенов, Мәуленқұл Байзақов, Алдиярбек Рақымқұлов, Әзімхан Кенесарин, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Ерғали Қасымұлы, Әлмұхамед Көтібарұлы, Санжар Асфандияров, Қоңырқожа Қожабеков, Серікбай Ақаев, Ғабдолрахманбек Оразаев, Сейітжапар Байсейітұлы, Қожахмет һәм Ахмет Оразай балалары, Садық Өтегенов, Зұлқырнай Сейдалин, Алдабек Мангелдин, Мұстафа Шоқаев, Әуез Досболұлы, Қалжан Қоңыратбайұлы, Тәшім Әйпенеұлы.

Алашорда бастығы Бөкейханов Әлихан,

Шоқаев Мұстафа.

"Қазақ" газеті, №255, желтоқсан, 1917 жыл. Орынбор.

Дереккөз: Бөкейхан Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937).

Шығармаларының 9 томдық толық жинағы.7 том.– Астана, 2013.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар