Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Екі есе жауапкершілік сезінемін". Жауапты қызметке тағайындалған Серік Сәпиев алдағы жоспарларымен таныстырды

19:00, 20 желтоқсан 2024 104

Жуырда Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып белгілі боксшы Серік Сәпиев тағайындалды. Туған жерге ту тігіп, жауапты қызметке кіріскен шенеуніктің алға қойған мақсаттары қандай? Alash.kz ұлттық порталы бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер Кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиевпен сұхбаттасып көрді. 

"Қазақстанда жыл сайын Ұлттық құрама мүшелері іріктелетін бокстан Қазақстан чемпионаты өткізіледі. Биыл Қарағандыда чемпионатты Ғалым Жарылғапов турнирімен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Турнирге халықаралық аренада көзге түскен жас боксшылар, ұлттық құрама мүшелері және спортқа енді қадам басқан жаңадан шыққан спортшылар қатысады.

Мен үшін бокстың Олимпиада ойындары бағдарламасында қалуы өте маңызды. Бұл – әлем бойынша ең қызықты және тартымды спорт түрлерінің бірі. Боксты Олимпиададан алып тастау оңай шешім емес деп есептеймін. Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшелері, дауыс беру құқығы бар адамдар, бұл спорт түрін қолдайды деп үміттенемін. Бұл мәселе Олимпиадаға дейін оң шешімін табады деген сенімдемін.

Мен Қарағанды қаласының тумасымын. Осы жерде спортшы ретінде қалыптасып, шыңдалдым. Қазір өңірдегі спорт саласын басқаратын жетекші ретінде екі есе жауапкершілік сезінемін. Алға қойған басты мақсаттарымның бірі – жаттықтырушыларды қолдау. Әсіресе, болашағынан үміт күттіретін жас мамандарды тәрбиелеу маңызды. Екінші кезекте, жоғары деңгейдегі спортшыларға, ұлттық құрама мүшелеріне қолдау көрсету. Үшіншіден, болашаққа негіз болатын спорт резервін дамыту. Егер 2025 жылды қарастырар болсақ, ең алдымен жоғары деңгейлі спортшыларды қолдауымыз қажет. Ал алдағы 3–4 жылға қарайтын болсақ, 17-20 жас аралығындағы жастарды дамытуға ерекше көңіл бөлгеніміз жөн.

Спорттық инфрақұрылым мен нысандарды дамыту да маңызды, бірақ менің басты назарым – жаттықтырушылар мен спортшылар. Нәтиже көрсететін де, ел намысын қорғайтын да – солар. Сондықтан жұмысымның негізгі бағыты осы екі салаға арналады",- деді Серік Сәпиев бокстан Қазақстан чемпионатының ашылуында.

 Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар