Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Егер бәрі кәсіби болса, еліміздің туын көтергенге не жетсін?!" - Таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов

23:07, 12 тамыз 2024 524

Парижде өткен олимпиада ойындарында қазақ бапкері Есбол Сұлтанов жаттықтырған таеквондошы чемпион атанып, жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл – Тунис елінің тарихындағы осы спорт түрінен алғашқы алтын, деп хабарлайды Alash.KZ.

NEGE сайты бүгінде Тунис елінің таеквондо құрамасында бас бапкер болып қызмет ететін Есбол Сұлтановты әңгімеге тартқан екен.

 Бұл елде таеквондо спортының тарихында алтын болмаған. Өзім келісімшартпен 2023 жылдың қыркүйек айында бардым. Гран-при, лицензия турнирі, Африка ойындары, сосын осы Париж олимпиадасы болды. Барлығы 4 жарыс өтті. Гран-приде команда ретінде әлем бойынша бірінші орын алып, бұрын-соңды алмаған 2 алтынды иелендік. Бұл да үлкен тарих болды. Сосын лицензиялық турнирге қатысып, толық 4 лицензияны ұтып алдық. Бұған дейін әрі кетсе бір ғана спортшы қатысыпты. Медиа кеңістігі шулады біраз. Ал наурыз айында Африка ойындары өтті. Бұл жерде 8 баланы апарып, 6 алтын, 1 күміс алдық. Сөйтіп, команда бойынша 1-орын алдық. Таеквондо спорты Араб елдерінде, Африка елдерінде, Тунистің басқа спорты ішінде бірінші орынға шықты,депті спортшы.

Кеше өткен Париждегі олимпиадада 1 алтын, 1 қола алып, Тунис тарихындағы үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Осы спорт түрінен олимпиада ойындарында Тунис командасы әлем бойынша 4-орын алды. Бұрын ондыққа жетпейтін команда еді. Қазір 11 млн шамасындағы тунис халқының төбесі көкке жетіп, қуанып жатыр.

Спортшы өз еңбегін бағалап отыр.

Тіпті, бұл елдің халқы кедей тұрады, орташа айлығы жүз доллардың көлемінде ғана. Қазақстанмен экономикалық, қаржылық, материалдық жағдайын салыстыруға келмейді. Бәлкім, әлеуметтік жағдайдың төмендігі мұндағы спортшыларға мотивация беретін шығар. Бірақ олардан алғаным да бар, менің оларға бергенім бар, екеуінің қосындысы биыл өткен 4 жарыста да нәтиже беріп, тарих жасадық деп ойлаймын.

Есбол Сұлтанов Тунис еліне қашан, қалай барды?

Токио олимпиадасында Тунис күміс медаль алды. Оған дейін екі аптаға Алматыға келіп, менің командамда дайындық жасады. Олардың қатарында Тунистің бас бапкерлері, аға жаттықтырушысы, менеджері, медицина қызметкері келді. Сол кезде бапкермен танысып, барынша көмегімізді бердік. Бірге жаттықтық, үкілеген спортшысы күміс медаль иемденді. Одан бұрын оқу-жаттығу жиынында, халықаралық турнирлерде кездесіп жүрдік. Менің жаттығу әдісімді, дайындап жатқан балаларымды көрді. Ол кезде 8-9 ай Қазақстан құрамасының екінші бапкері боп жұмыс істедім. Күнде болмаса да, жұмысым көз алдарында көрініп жүрген адаммын. Тунис мені ғана шақырған жоқ. Иран, Оңтүстік Корея, Франция, жанындағы елдердің бапкерлерінің де резюмесін алған. Кейін анализ жасап, маған 2023 жылдың қыркүйек айында келісімшарт ұсынып, шақырды. Әуелгіде лицензиялық турнирге дейін 3 ай берді, 4 лицензия ұтып алғанда қатты қуанып, келісімшартты бір жылға созды, дейді спортшы.

Париж Олимпиадасынан кейін бапкерге Қазақстаннан шақырту болды ма? Осы сұраққа келгенде Сұлтанов көңілдегідей жауап бермепті.

Біздің елден, Таеквондо федерациясынан әлі ешкім хабарласпады. Бірақ басқа да таеквондосын дамытқысы келген елдің федерация басшылары жолығып, құттықтап, танысып, әңгімеге тартып жатыр. Біразы визиткасын берді. Жарыс өзі кеше бітті ғой, ресми түрде сөйлесуге уақыт та болмады. Шын мәнінде, олимпиадада әлемдік деңгейде жақсы көріндік. Өйткені, олимпиадада командалық төртінші орын алу деген – үлкен жетістік.

...Қалай дегенмен де, кәсіби мамандармен сөйлескім келеді. Патриоттық мотивация шикі, бос сөз болып қалмауы керек. Бәріне кәсіби көзқарас тұрғысынан келсе, мен де кәсіби жауап беремін. Ұсыныс та, шарт та, бағдарлама да айқын, кәсіби болу керек. Егер бәрі кәсіби болса, еліміздің туын көтергенге не жетсін?!, дейді Есбол Сұлтанов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар