Қазақстандықтар симптомдары COVID-ке ұқсайтын белгісіз дерттің таралып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Белгілердің қатарында тамақтың қатты ауыруы, жөтел, дәм мен иіс сезудің жоғалуы бар, деп хабарлайды Alash.kz.
Дәрігерлер азаматтарға өз бетінше емделіп, диагноз қоймауды сұрайды. Өйткені қазіргі уақытта елде бір мезгілде бірнеше респираторлық вирус түрі қатар жүріп жатыр. Ал Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындар арасында инфекцияның күрт өсуі тіркелмегенін және жағдайдың маусымдық сипатқа ие екенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта халық арасында вирустық инфекциялардың өсуі байқалмайды. Біз маусымдық сырқаттанушылықты бақылап отырмыз. Зертханаларымыз анықтаған вирустардың арасында ерекше немесе қауіпті жаңа түрлері жоқ», — деді ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева.
Мамандардың айтуынша, бүгінде риновирус, аденовирус, парагрипп және маусымдық коронавирустар сияқты маусымдық вирустар белсенді. COVID-19 жағдайлары да жүйелі түрде анықталғанымен, ешқандай жаңа қауіпті штамдар анықталған жоқ.
Сондай-ақ дәрігерлер тіпті қарапайым ЖРВИ-дің өзі кейде ауыр өтуі мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе бір жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, қарттар және созылмалы ауруы бар жандар тәуекел тобына жатады. Мамандар ауру белгілері байқалған бойда дәрігердің көмегіне жүгінуге кеңес береді.