Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Дала Қырандары: 27 қалада 1700 ерікті қоғамдық қауіпсіздікке бағытталған алғашқы рейдтерге қатысты

16:20, 05 қаңтар 2026

2026 жылдың 5 қаңтарында Дала Қырандары жастар қоғамдық бірлестігі республика көлемінде жаңа жылдың алғашқы рейдтік іс-шаралары мен азаматтық бақылау акцияларын өткізді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Қозғалыстың бастамасына еліміздің 27 қаласынан шамамен 1700 ерікті қатысып, қоғамдық қауіпсіздік пен әлеуметтік өзекті мәселелерге бағытталған жұмыстар жүргізді.

Рейдтер ұйымдасқан түрде өтті: қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, әр бағыт бойынша нақты міндеттерді орындады. Мұндай формат қозғалыс мүшелерінің бір мезетте бірнеше аумақта жұмыс істеуіне және деректерді жедел тіркеуіне мүмкіндік берді. Әр өңірде рейдтің мазмұны жергілікті жағдай мен өзектілігі жоғары мәселелерге қарай айқындалды.

Бірқатар қалаларда интернет арқылы тыйым салынған заттарды таратумен байланысты заңсыз сілтемелер мен граффитилерді анықтауға бағытталған #сатқындар рейдтері өтті. Анықталған жазбалар сол жерде боялып, олардың әрі қарай таралуына жол берілмеді. Сонымен қатар, әрбір дерек бойынша уәкілетті органдарға интернет-ресурстарды бұғаттау туралы ресми өтініштер жолданды.
Ал өзге өңірлерде заңсыз айналымдағы суррогат алкоголь өнімдерін әшкерелеуге арналған #суррогат рейдтері ұйымдастырылды.

Астана қаласында рейдтік іс-шаралар қаланың барлық аудандарын қамтыды. Әсіресе қоғамдық қауіпсіздік пен заңсыз айналым мәселелері әлі де өзекті болып отырған Көктал, Алматы және Байқоңыр аудандарына басымдық берілді. Байқоңыр ауданының бастапқы нүкте ретінде таңдалуы да кездейсоқ емес. Дәл осы аумақта үш жыл бұрын суррогат алкогольдің заңсыз айналымын анықтауға бағытталған алғашқы рейдтер басталған болатын.

Қозғалыс үйлестірушісі Нұрбол Сейткалиевтің айтуынша, алкогольден улану мен тәуелділік - ел үшін аса қауіпті мәселе. Оның сөзінше, жүйелі рейдтердің нәтижесінде кейбір қалаларда суррогат алкогольді сату фактілері айтарлықтай азайған. Дегенмен, бірқатар өңірлерде жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.

Ал Нұрғали Тұрсынғазиев синтетикалық есірткіге апаратын интернет-сілтемелерді жоюдың маңыздылығына тоқталып, басты мақсат - алғашқы дозаның алдын алу екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осындай алдын алу шаралары қауіпті тізбекті ерте кезеңде үзуге мүмкіндік береді.

Қозғалыс үйлестірушісі Мейрболат Тоитов мәселенің ауқымы жүйелі әрі шұғыл әрекетті талап ететінін жеткізді. Оның айтуынша, ресми статистика нақты жағдайды толық ашып көрсетпейді, ал бүгін қолға алынбаған шаралар болашақта әлдеқайда ауыр әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін.

Рейдке қатысқан еріктілердің айтуынша, бұл бастаманың мәні тек заңсыз әрекеттерді анықтаумен шектелмейді. Жалын тобының мүшесі Еркін Ілияс еріктілердің ортақ мақсатын былай сипаттады:

«Біздің мақсатымыз - ел мүддесін қорғау, қоғамға бейжай қарамайтынымызды көрсету және Қазақстанның деңгейін асқақтату. Әрбір рейд - бұл тек әрекет емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі», — деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталған бастама Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаттарына сай келеді және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азаматтардың белсенді қатысуын көздейді.

 «Дала Қырандары» қозғалысы алдағы уақытта да еліміздің барлық өңірлерінде жүйелі жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар