Жазушы Мұхтар Мағауин қайтыс болған күндері Мұхамеджан Тазабек қаламгердің қазасына байланысты арнайы пост жариялаған болатын. Алайда оқырмандар Тазабектің жазбасына ашуланып, посттың астарынан жатпиғылды мән іздеген болатын. Қысқасын айтқанда, оқырмандар жақсы қабылдаған жоқ.
Бүгін Тазабек "Мағауин жайлы постым неге шулатып жіберді?" деп, екінші жазбасын жариялапты. Көлдей посттың бәрін жариялау мүмкін емес" деп жазады Alash.KZ тілшісі.
Тазабек әуелі: "Бір пост мыңдаған мақалаға, жүздеген сайттарға, ондаған подкасттарға талғажу болып, талқыланып, миллион адамдардың миына қозғау салды. Мұндай ықпал, мұншалықты назар, аузы дуалы дегендердің өзіне арман боп, жоғарыдан қаржы алып отырған сайттардың өзі осыншама танымалдылыққа қол жеткізе алмай, күн сайын өтірік ат қойып, өнбейтін жаңалық таратып, әуре боп жатқан жоқ па?!" деп мақтаныпты.
Одан кейін өз жазбасындағы "Талақ" туралы сөзіне тоқталған. Мағауинді мақтаған... Соңына қарай Тазабек өзін талағандар туралы жазыпты, соған қарағанда жанына қатты батса керек.
"Менде уайым жоқ. Алла жүрегіме тыныштық салған. Талап жатқандарды түсінемін. Ол мен айтқан сөздер үшін емес, менің тұлғама қатысты нақты тапсырыстардан туындағанын түсінемін. Дінім үшін, ұлтқа пайдасы тиген , халыққа ұнаған сәтті жобаларым үшін, саяси топтарға да қосылмай, биліктің де жолына тұрмай шаруа шешкенім үшін, көпке жағатын сөз айтпай, ойымды еркін білдіргенім үшін…
Жәй нәрсе емес, “таяқ жеуге” тұрарлық себептер…
Ұзақ уақыттан бері ізіме түсіп, табанымды тайдырғысы келетін топтар бар. Жығылмаған сайын жыны ұстап, өлмеген сайын өшпенділігі артып жатады. Аяғаннан басқа амалым жоқ. “Тәңір баққан тоқтыны қасқыр жемес!”
Алла қолдап келе жатқан, елге пайдалы екенімді түсінер уақыттары болды. Бірақ, “барды емес, іздегенін көретін” бәтшағарларға не айта аласың?!
Ақты ақ, қараны қара деп білетін, сұңғыла жандар бәрін ұғынып отыр. Бірақ, олар белсенді емес, қара ниетті топтар ғана айғайшыл, арандатқыш, жөнге салғыш…
Пост жазып, мақала ұйымдастырып жатқан әйгілі аға-бауыр, апа- қарындастар ата жауым емес. Менің дәл ондай ұлтқа опасыз емес екенімді өздері де біледі, іштері де сезеді. Артында байқатпай жол сілтеп, қазақты қазаққа айдап салып, ақпараттық соғыс ұйымдастырып отырған топтар бар. “Ағайын ел еді ғой” деп, орыс пен украинға ренжиміз. Біздің олардан қай жеріміз артық?!
Ақпарат алаңында майдан ашып ап, бір-бірімізді аяусыз атқылап жатырмыз. Жарықшағы оқырмандарды оңдырмай жатыр. Елден обал!
Мені де қарсыласуға, рухани соғысуға шақырып, ортаға тартқалы қашан?!
Бірақ, мен Алла үшін сабыр қылам деп шештім. Алла берген ақындық дарыннан бір қазақтың баласына зияным тиіп, жаны жараланбай-ақ қойсын!
Ұлтымның ұлын, қазақтың қызын сөзден жеңіп, тұқыртып, дофамин алмай-ақ қойдым…“Бәленше қолдап отыр, әйтпесе құртар едік” деді. Ол кісілер жоқ. Заман басқа, билік бөлек. Бірақ, мен өз жолымда келе жатырмын. Түсінудің орынына, әлі тықсырудың қамымен олар жүр. “Бәленшенің демеуімен, түгеншенің жебеуімен жүр” деп , күнін күткендер болды. Бәленшесі де, түгеншесі де басымен қайғы. Біз елге қызмет, Хаққа құлшылық жолындамыз. Оны ажыратып, оң-терісін парықтап, жатқан ешкім жоқ!
Ақпараттың тасқынында, пікірдің толқынында отырған елден обал. Жанашырды жау, сайқалды саңлақ көрсетіп, бұзғыншы топтар білгенін жасап жатыр…
Тазабекті ТАЗАБОҚ деп, біреудің тегін мазақ қып, “Сақалың сыпыртқыш, намазың тоңқайтқыш” деп, біреудің сенімін аяқ асты етіп, қандай әділдікке жетпекпіз, қандай бақытты қоғам құрмақпыз?!" деп аяқтапты жазбасын.