Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бұндай адамға рақымшылық болмауы керек": Кәрім Мәсімовке кешірім жасала ма?

17:37, 12 маусым 2024 580

Кәрім Мәсімов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұрап, рақымшылық жасауын өтінді. Мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сотталған ҰҚК бұрынғы төрағасының бұл әрекетіне Мәжіліс депутаттары қандай баға береді?

Ерлан Саиров пен Еділ Жаңбыршин журналистер сауалына кулуарда жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz сайты Azattyq Rýhy-ке сілтеп.

«Жоқ, мемлекетке қастандық жасаған адам, 230 адамның өліміне себепші болған адам неше жыл өтсе де, бостандыққа оны шығармау керек деп ойлаймын. Мемлекетті быт-шыт қылып жібере жаздады. Біз Қазақстанды жоғалтып ала жаздадық. Сирия болып кетудің алдында қалдық. Бұндай адамға рақымшылық болмауы керек. «Госизменаға» байланысты рақымшылық жоқ», - деді Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин.

Ал оның әріптесі Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Қазақстан ақшасын шетелдік банктерде жасырған Мәсімовтың жеке шоттарына қатысты комиссия жұмыс жүргізіп отырғанын айтты.

«Отанға опасыздық деген бап бойынша ешқандай рақымшылық жасауға болмайды. Екінші мәселе – геосаяси жағдайдың күрделілігі. Мысалы, олар бүгін рақымшылық алып, ертең шетелге кетсе, олар Қазақстан мемлекетіне қарсы жұмыс істемесіне кім кепіл?

Кәрім Мәсімовтың қаржысы қайтарылған жоқ. Оның миллиардтаған долларлары шетелде банктерде жатыр. Олар өте бай адамдар. Сондықтан бұл жерде өте жіті қарау керек. Мемлекеттің мүддесі тұрғысынан шешім қабылдау керек. Оның қарызын қайтару жөнінде капиталды қайтару комиссиясы үлкен жұмыс жүргізіп жатыр», - деді Саиров.

Кәрім Мәсімов қазір Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Ол мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алмақ болғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар