ҚазМұнайГаз басшысы Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстауда ереуілге шыққан жұмысшылардың ұлттық компания құрамына кіру туралы талабын орындау мүмкін емес екенін айтты деп жазады alash.kz.
"Былтыр Маңғыстау облысындағы кен орындарда сервис қызметін көрсететін бірнеше мердігер ұйымның жұмысшылары ұлттық компанияның штатына қабылдау туралы талап қойғаны рас. Бұл талапты орындау мүмкін емес екенін бірнеше рет атап өкен болатынмын. Бұл, кемінде, ҚазМұнайГаздың еншілес мекемелеріне жұмысқа орналасуға кезекте тұрған өңірдегі жұмыссыз тұрғындарға қатысты әділетсіз болар еді", - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев ұлттық компания сайтында жарияланған сұхбатында.
Бұған қарамастан, ұлттық компанияның жұмысшылардың еңбек жағдайын, атап айтқанда техниканы жаңарту мәселесінде көмектесуге дайын екені айтылды.
"Дегенмен, біз мердігер компаниялар жұмысшыларының еңбек жағдайын жақсарту мәселесіне қатысты талаптарды орындаудан бас тартпаймыз. Бұған дейін де жұмысшылардың талабын қолдап, осындай ұйымдардың біріне үш жыл ішінде 200-ден астам техниканы жаңартуға көмектесуге келістік. Бұл компания үшін айтарлықтай сома, десе де осындай шешімге келдік", - деп қосты ҚМГ басшысы.
Осыған дейін Маңғыстауда ҚазМұнайГаз кен орындарының бірінде көлік қызметін көрсететін "West Oil Software" мекемесінің 400-ден астам жұмысшысы 2 айдан бері наразылық білдіріп, жұмысын тоқтатқан болатын. Олардың басты талаптарының бірі – ұлттық компанияның құрамына қосылу. WOS басшылығы компанияға айтарлықтай шығын келгеннін айтып, жүргізушілерді жұмыстан шығаратынын мәлімдеген. Наразылық білдіргендердің 100-ден астамы жұмысқа оралғаны айтылған.