Жуырда «Алматы облысы білім басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен«Отбасы тәрбиесі: ұрпаққа – ұлы құндылық»тақырыбында аудандық ата-аналар форумы өтті.
Дәл осындай шаралар ресми жиыннан гөрі мерекелік басқосуға көбірек ұқсайды. Өйткені ұстаздар қауымы мен ата-аналар бетпе-бет жүздесіп, ұрпақ тәрбиелеудегі ортақ міндеттің мән-маңызын талқылайды. Білім саласының өкілдері ата-аналар алдында есеп береді. Ата-аналар өз ұсыныстарымен бөлісіп, келер буынның кемелдену жолына бағыт сілтейді. Дегенмен ұрпақ тәрбиесі – қоғамдық әрі ауқымды мәселе болғандықтан, шараға арнайы қонақтар да шақырылады.
Бұл жолы Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі, Ұлттық құндылықтар академиясының мүшелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының мүшелері, Ата-аналарды қолдау орталығының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша білім бөлімінің мамандары, сондай-ақ, 85 білім беру мекемесінің директорлары мен мұғалімдері қатысты. Ал шараның басты қонақтары – ата-аналар саны 300-ге таяу.
Пленарлық сессияның тізгінін Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы Арайлым Ақсубайқызы ұстады. Форумды «Даналық мектебі» клубының жұмысын іске асырудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы баяндамасымен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің қауымдастық профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Сахиқызы ашты. «Отбасылық құндылықтар – ұрпаққа өнеге» тақырыбында ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының кандидаты Асылы Осман, «Ұлттық тәрбиедегі баспасөз рөлі» баяндамасымен "Ақиқат" ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев, «Отбасы – тәрбие мен құндылық мекені» тақырыбында Қазақ психологтар қоғамының мүшесі, Президент жанындағы әйелдер және балалар істері жөніндегі «One Stop service - Бір қадам» орталығының практик-психологы Жеңісгүл Хабаева, «Отбасындағы 30 сабақ» тақырыбында "Отбасы Хрестоматиясы" қоғамдық қорының директорыБағдат Құдияр және мәдениет саласының үздігі, Дәркембай ұста атындағы қолөнер мұражайыныңдиректоры, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Дәулет Дәркембайұлы «Қазақ қолөнерінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбында сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форумның екінші бөлімі оқушылар мен ұстаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Рахат1 орта мектебінің «Домбырашы қыздар биі», №6 қазақ орта лицейінің оқушысы Рамазан Макабатұлы «Әке мен Ана» әнін орындап, Орымбетов атындағы орта мектеп оқушылары сахналық қойылым қойды. Ауданымыздағы өнерлі отбасылар Шерганаковтар мен Жұмахановтар әулеті өз өнерлерін паш етсе, Шелек ауылындағы гимназия мен №6 қазақ орта лицейі, Абылай хан атындағы орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары музыкалық композициясын тарту етті. Ломоносов атындағы орта мектеп оқушылары «Жас сарбаз» патриоттық дефилесін көрсетті. Білім бөлімі тарапынан үлгілі ата-аналарға «Алоғыс хаттар» табысталды.
Мұндай жиындарда балаларды салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға ынталандырудың мүмкіндігі көп. Осы мақсатты Сөгеті ауылындағы «Жеті қазына» құсбегілер мұражайы мен осы ауылдағы О.Жандосов орта мектебінің директоры Гүлмира Әшметова әдемі ұйымдастырған екен. Шара өткен залдың кіреберісіндегі сол жақ бұрыш – киіз үйдің ішіне ұқсайды. Оюлы текемет, құрақ көрпе, құс жастық, түлкі, қарсақ, қасқыр терілері... Тіпті қыран бүркіт пен жүйрік тазы да осында.
Қысқасы, шараға жиылғандар ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселе талқылап қана қоймай, концерт көріп, көңіл көтеріп, ұлттық құндылықтардың ұлағатына қанығып қайтты.