Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Біздің ұстаздарымыз мықты. Әр баланың мүмкіндігі ашылатын жыл болсын!»: Асхат Аймағамбетов Білім күнімен құттықтады

14:58, 01 қыркүйек 2026

Құрылтай депутаты, экс Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі барша оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды Білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды Alash.kz.

Асхат Қанатұлы мектептегі салтанатты жиынға қатысып, өз әсерімен бөлісті және жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру саласының жаңа міндеттері мен басымдықтарына кеңінен тоқталды.

«Бүгін мектептегі Білім күніне арналған салтанатты жиынға қатыстым.

Қолдарына гүл мен «Әліппе» ұстаған, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерді көру де, алдарында маңызды таңдау тұрған 11-сынып оқушыларымен әңгімелесу де ерекше әсер қалдырды.

Бұл балалар білім алатын әлем біз өскен әлемге ұқсамайды. Жасанды интеллект білім беру жүйесін, еңбек нарығын, жалпы әлемді жылдам өзгертіп жатыр. Біз дайын жауаптар әлеміне кірдік. Ендігі артықшылық көп ақпаратты жаттап алуда емес, дұрыс сұрақ қоя білуде, ақпаратты саралап, өз бетіңше ойлауда, қателесуден қорықпай армандауда және қабылдаған шешіміңе жауап бере білуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тамыз кеңесінде білім саласының алдына маңызды міндеттер қойды. Олардың өзегінде бір үлкен сұрақ жатыр: мектеп қандай азамат тәрбиелеуі керек?

Оптимизм дегеніміз мәселені көрмеу емес. Ол қандай қиындық болса да, шешімін іздеп, әрекет ету, армандаудан бас тартпау және өз күшіңе сену.

Жеңімпаз ұлттың менталитеті осыдан басталады. Ұлттық мінез күнделікті адалдық, жауапкершілік, тәртіп, еңбекқорлық пен жасампаздықтан қалыптасады.

Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне этикалық тұрғыдан дұрыс, қауіпсіз әрі тиімді енгізуіміз қажет. ЖИ мұғалімнің мүмкіндігін күшейтіп, жұмысын жеңілдетуі керек. Және де оқушының орнына ойламай, оның ойлауын тереңдетуге тиіс.

Қандай мықты алгоритм болса да, баланың қабілетін байқап, оған сенім сыйлайтын ұстазды алмастыра алмайды. Біздің ұстаздарымыз мықты. Олардың кәсібилігі мен балаға деген сенімі кез келген реформаның шешуші күші.

Әрине, шешімін күткен мәселелер әлі де бар. Бірақ мемлекеттің білім саласына салған орасан инвестициясы мен жүйелі назарының нәтижесін жаңа мектептерден, оқушылардың жетістіктерінен және ұстаз мәртебесінің артуынан біртіндеп көріп келеміз.

Барша оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтаймын!
Жаңа оқу жылы табысты, қуанышқа толы, табанды еңбек бағаланатын және әр баланың өз мүмкіндігі ашылатын жыл болсын!» – деп жазды депутат.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар