Қызылорда облысында 38 жастағы полицияның учаскелік инспекторы ажал құшты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 31 тамыз күні Арал қаласында орын алған. Тәртіп сақшысының денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылған. Полиция өкілдерінің берген мәліметіне сәйкес, марқұм еңбек демалысында жүрген кезінде жергілікті тұрғынмен жанжалдасып қалған. Соққының салдарынан алған ауыр жарақаттардан учаскелік инспектор оқиға орнында көз жұмды.
Қызылорда облыстық Полиция департаменті күдікті мен қаза тапқан қызметкердің бұрыннан таныс болғанын растады. Марқұм болған инспектор бұған дейін күдіктіні отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартып, оған қатысты арнайы қорғау нұсқамаларын да шығарған екен.
Қазіргі уақытта қылмысқа күдікті ретінде Арал қаласының 39 жастағы тұрғыны танылып, оған ресми түрде іздеу салынды. Адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.