Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты шулы істен кейін қызметінен қуылған экс-тергеуші Артықбай Әбілғазы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұрынғы полиция қызметкерінің жауапқа тартылуына оның құқық қорғау органдары қатарынан кеткеніне қарамастан, арнайы форма киіп бейнесұхбатқа шығуы себеп болған.
Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты бұл істі бұрынғы полицейдің қатысуынсыз қарады. Сот органдарының ресми мәліметінше, 11 наурыз күні шыққан шешім бойынша ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 675-бабы 1-бөлігі («Әскери немесе нысанды киімді заңсыз кию») бойынша күнәлі деп танылды.
Сот қаулысымен Артықбай Әбілғазыға 5 АЕК көлемінде, яғни 21 625 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл артылды. Бұдан бөлек, сот оның заңсыз пайдаланған нысанды киімдерін тәркілеу туралы шешім қабылдады. Мемлекет кірісіне экс-тергеушінің полиция формасына тиесілі жемпірі, шалбары, футболкасы және аға лейтенант шені бейнеленген қос погоны өткізілді.
Сот құжатында тәркіленген бұл заттардың қазіргі уақытта Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының арнайы қоймасында сақтаулы тұрғаны атап өтілген.