Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бізде ауызашар берген шенеуніктерді орынсыз дәріптеу, мақтау әдетке айналған" - Нұрлан имам

16:58, 06 наурыз 2025 371

Қазақтар ауызбашар беруді дастархан бәсекесіне айналдырып жіберді. Бұл туралы көпшілік арасында "тиктокер-имам" аталып кеткен Нұрлан Байжігітұлы "Алматы ақшамы" газетіне берген сұхбатында айтты, деп жазады Alash.KZ.

Имамның айтуынша, ауызашардың негізгі мәні – қарапайымдылықта, адамдардың шынайы ықылас-пейілінде жатыр.

Алайда соңғы кезде ауызашар беру байлық пен әлеуметтік мәртебені көрсетудің құралына айналған.


"Біз ауызашарды жарысқа айналдырып жібердік. Бір күні маған бір облыстың әкімі хабарласып, "700 адамға ауызашар жасаймын" деді. Мен одан: "Сізге жарнама керек пе?" деп сұрадым. Ол "жоқ, керек емес" деді, деп жазды qaz365.kz.

Бізде ауызашар берген шенеуніктерді орынсыз дәріптеу, мақтау әдетке айналған. Сонда халықты бір рет тамаққа шақырмаса, олар аштан қатып қалатын сияқты. Шын мәнінде, халық бұл ауызашарға қарап отырған жоқ. Сондықтан мұндай іс-шараны мақтаныш не бәсекеге айналдыру дұрыс емес. Ауызашардың мәні – шынайы ықыласта", – дейді имам.

Нұрлан имам сондай-ақ ауызашар беру үшін халықтың қарызға немесе несиеге батып жатқанына алаңдайтынын жеткізді.


"Бір қарызды жабамын деп, екінші қарызды мойынға ілудің ешқандай сауабы жоқ. Хадисте де: "ауызашарға бір жұтым су мен құрма болса да жеткілікті" деп айтылады. Ауызашардың берекесі дастарханның молдығында емес, адамның шынайы ниетінде", – деді ол.

Имамның сөзінен түсінгеніміз, Рамазан айында ас та төк дастархан емес, қарапайымдылық, шынайы ықылас және имандылық алдыңғы орынға шығуы тиіс. Бұл қазақ халқының төл құндылықтарымен толық үйлесетін көзқарас.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар