Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Біз соғысқа нүкте қоюға тырысып жатырмыз» - Трамп Украинаға ұсынған жоспар туралы күтпеген мәлімдеме жасады

21:29, 23 қараша 2025 203

Трамп Украина бойынша ұсынған бейбіт жоспардың соңғы нұсқа емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Ақ үй маңында журналистерге берген сұхбатында президент бастаманың әлі де талқылауды қажет ететінін айтты.

Трамптың айтуынша, басты мақсат - соғысты тоқтату:

«Мен бейбітшіліктің орнағанын қалаймын. Біз бұл жағдайға нүкте қоюға тырысып жатырмыз. Қалай болғанда да, бұл соғыс тоқтатылуы керек», -  деді ол.

Оңтүстік Африкада өткен G20 саммитінде Еуропа елдерінің басшылары құжатты зерттеп, ұсынылған нұсқаға қатысты алаңдаушылық білдірді. Олар жоспардағы бірнеше тармақтың қайта қарауды қажет ететінін атап өтті.

Бірлескен мәлімдемеде шекараларды күшпен өзгертуге жол берілмейтіні және Украина армиясына ұсынылған шектеулер елді болашақ қауіп-қатерге осал етуі мүмкін екені айтылды.

AFP агенттігінің хабарлауынша, жаңа бейбіт жоспар бойынша келіссөздер 23 қарашада Женевада кеңейтілген форматта жоспарланған. Оған Украина, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдері қатысады.

АҚШ делегациясы құрлық әскерінің министрі Дэн Дрисколл бастаған топ Женеваға жеткен. CNN мәліметінше, бүгін оларға мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен арнайы өкіл Стив Уиткофф қосылады.

21 қарашада Украина президенті ел халқына шұғыл видеоүндеу жариялап, Трамп жоспарына байланысты алаңдаушылығын жеткізді. Ол елдің «тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірін өткеріп жатқанын» айтты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар