Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйлеп, белсенді ел жастарымен кездесті, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Мемлекет басшысы қатысқан форумда «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова сөз сөйлеп, Президентке ұйымның осыған дейін атқарған игі істері мен азаматтық бастамаларын таныстырды.
Әдел Баденова қазіргі кезде қозғалыстың 19 қалада кампусы, 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аталмыш қозғалыс елімізде ондаған азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып үлгерген.
Жастар вандализммен, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгушілермен, кәмелетке толмаған балаларға ішімдік сатушылармен, есірткі таратушылармен және басқа да әлеуметтік кеселдермен күрес жүргізіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын ашық әрі белсенді білдіріп жүр.
Мемлекет басшысы форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.
– Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде Сіздерге зор үмітпен қараймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазір еліміз үшін тарихи кезең екеніне, алдымызда биік мақсаттар тұрғанына назар аударды.
– Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы! Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген, – деді Мемлекет басшысы.Мұнымен қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға қарата айтқан сөзінде отаншылдық сезімге, қоғамда «Заң мен тәртіп» үстемдігін орнатудың маңызына, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының идеологиялық мәніне тоқталды.
– Жастарға барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Қазақстан балалар мен жастарға жан-жақты қолдау көрсететін әлемдегі аз елдің бірі. Дүниеге келген әр сәби бірден ұлттық бағдарламалардың қатысушысына айналады. Өздеріңізге мәлім, екінші жыл қатарынан Ұлттық қор табысының бір бөлігі балалардың есепшотына түсіп жатыр. Кәмелет жасына толғанда олар жинақталған қаржыны оқуға немесе баспана алуға жұмсай алады. Бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бағдарламасы іске қосылды. Бұл жүйе ата-аналар үшін өте қолайлы. Сол арқылы балаларының болашақта алаңсыз білім алуына қаражат жинайды. Әр бала алты-жеті жастан бастап мектепте тегін білім алады. Мұның бәрі – мемлекеттің міндеті. Бірақ әлемнің барлық елінде дәл осылай емес. Барды бағалау маңызды. Біздің жетістіктеріміз баршылық. Елімізде бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ берілетін болды. Оқушыларымыз мемлекет есебінен әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатыса алады. Мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына немесе колледжге грантқа түсу мүмкіндігі зор. Соңғы жылдары грант санын айтарлықтай ұлғайттық. «Болашақ» бағдарламасымен мыңдаған жас шетелде білім алуда. Олар Қазақстанға келген соң ел дамуына үлес қосады. «Президенттік жастар кадр резерві» сұранысқа ие жобаға айналды. Келешекте мемлекетті басқарушылардың негізгі легі осы жас мамандардан қалыптасады. Саяси реформалар аясында Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар үшін арнайы квота енгізілді. Бұл өкілдік билік қызметіне тың серпін берді. Осы жерге жиналған білімпаз, отаншыл жастар мәслихаттың немесе Парламенттің құрамына кіретініне, тіпті Үкіметте жұмыс істейтініне кәміл сенемін. Жас кәсіпкерлер мен отбасыларды қолдауға айрықша мән беріледі. Мысалы, бизнесті дамытуға және баспана алуға жеңілдікпен несие беру қарастырылған. Бұл балалар мен жастардың өмірден өз орнын табуына жағдай жасауға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың бір парасы ғана, – деді Президент.