Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бірнеше адамнан A(H1N1) анықталды". Қазақстанда тарап жатқан тұмауға қатысты шұғыл ақпарат шықты

20:49, 10 қазан 2026

Қазақстанда маусымдық тұмаудың A(H1N1) штамы бес адамнан зертханалық жолмен анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Тұмаудың үш жағдайы Астанада, тағы екеуі Маңғыстау облысында тіркелген. Мамандар барлығы 834 зертханалық сынаманы тексеріп, оның бесеуінен оң нәтиже алған, деп жазды Alash.kz.

Сонымен қатар қазан айының басынан бері елде жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралуы 10,2 пайызға төмендеген. Соңғы аптада 127 мыңнан астам жағдай тіркелсе, алдыңғы аптада бұл көрсеткіш 140 мыңнан асқан. Қыркүйектің басынан бері ЖРВИ жұқтырғандар саны 760 мыңнан жеткен.

Зертханалық мәліметтерге сәйкес, тұмаудан бөлек, Қазақстанда риновирус (68 жағдай), бокавирус (50) және маусымдық коронавирус (47) анықталған. Сондай-ақ парагрипп пен аденовирус сияқты респираторлық инфекциялар да кездеседі.

Денсаулық сақтау министрлігі тұмауға қарсы вакцинаны қазан айында салдыруға кеңес береді. Вакцинадан кейін иммунитеттің қалыптасуына шамамен екі апта қажет. Екпе жұқтырудан толық қорғамауы мүмкін, алайда аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетуге көмектеседі.

Дәрігерлер қолды жиі жуып, бөлмелерді тұрақты желдетуге және жөтеліп не түшкіріп жүрген адамдармен жақын байланыстан аулақ болуға шақырады.
Еске салайық, 2 қазанда Қазақстанға Ресейде өндірілген «Гриппол» тұмауға қарсы вакцинасының жеткізілгені хабарланған. Денсаулық сақтау министрлігі 2 миллионнан астам доза сатып алған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар