Қоғам қайраткері, жазушы Амалбек Тшанов «Qasqa jol» ютуб-арнасына берген сұхбатында білім саласын жайлаған жемқорлық жайлы баяндады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Оның айтуынша, білім саласын жайлаған жемқорлықтың артында білімсіз ұлт тұрады.
«Білім беру саласы жемқорлыққа батқан деп айтуға негіз бар. Қазір мұғалімдердің басым көпшілігі сауатсыз. Университеттен, институттан алған білімдері жоқ. Білімге келген қасірет – бүкіл ұлттың қаупі. Ал енді оқушыларға, студенттерге мұғалімдер қауымын алдауға, пара беруге рұқсат беріліп қойса, білім деңгейі төмен болады. Бізде 30 жылдың ішінде 16-ға жуық министр ауысты. Келген министрдің бәрі реформатор. Өмірінде бір күн мұғалім болып жұмыс істемеген. Мен талай жыл Парламентте жұмыс істедім ғой. Сол кездерде 1 млн доллар ақшаны чемоданмен Білім министрінің кабинетіне алып барып жүргендерді көрдім. Қазір ол жігіт өмірден өтіп кетті. Бұл шындық жағдай», - деді ол.