Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Білім жоқ, сауатты пікір жоқ, келелі кездесу жоқ". Әнші Роза Әлқожа халықты «тобыр» күйінде ұстау саясаты байқалады деп айтты

19:59, 15 мамыр 2026

Танымал ақын әрі әнші Роза Әлқожа қоғамдағы қордаланған мәселелерге қатысты өткір пікір білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында ащы шындыққа толы жазба жариялады деп жазады Alash.kz. 

Өнер иесі қазіргі қоғамда рухани құндылықтардың әлсіреп, ұлттық сана мен идеологияның кейінге ысырылып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, рух әлсіреген жерде тәннің, яғни ішіп-жеу, сән-салтанат пен байлықтың әңгімесі алдыңғы орынға шығады.

«Рух әлсірегенде тән алға шығады. Ішкен-жеген, барған-келген әңгіме. Рух жоқ жерде – сән, салтанат, байлық әңгіме. Рух жоқ жерде – білім жоқ, сауатты пікір жоқ, келелі кездесу жоқ», – деп жазды Роза Әлқожа.

Сондай-ақ ол тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылдан астам уақытта ұлттық идеологияның дұрыс қалыптаспай қалғанын сынға алды. Ақын қазақ тілінің, ұлттық бірліктің, қазақстандық тұтастықтың әлі де толық орнықпағанына назар аударды.

Оның пікірінше, қоғамда халықты «тобыр» күйінде ұстау саясаты байқалады. Рухты жаншу, намысты таптау, бас көтерген азаматтарды түрлі жолмен жазалау секілді жағдайлар әлі де жалғасып келеді.

«Неге осы ұлан-ғайыр жердің ауасын жұтқандар бірігіп қазақстаншыл боп кетпеген? Неге әлі де халықты тобыр қылып ұстау саясаты жүруде?» – деп сауал тастады ол.

Роза Әлқожа сөз бостандығының шектелуі, сапалы журналистиканың азаюы, телеарналардағы даңғаза бағдарламалардың көбеюі де ұлттық рухқа әсер етіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, журналистика мен әдебиет халықтың рухани шырақшысы болуы тиіс.

Сонымен қатар ол медицина, баспана, білім, мәдениет, өнер салаларындағы жүйесіздікке де тоқталды. Әнші неге халық мемлекеттік ауруханаларға емес, жекеменшік емханаларға жүгінетінін, неге баспана алу үшін жұрт болып ақша жинау қалыпты жағдайға айналғанын, неге өнерде де тек ақшасы барлар ғана алға шығатынын сынға алды.

«Неге бізде ақшасы барлар ғана ән салуы қажет? Неге бізде жалпы жұртты ойлау емес, ұлттың болашағы емес, жеке бастың қамы сөз болып кетті?» – деді ол.

Өнер иесі ұлттың нигилизмге ұшырауы, дін мен тіл мәселесі, түрлі ағымдарға бөліну, ру мен жерге бөліну секілді түйткілдердің қоғамды іштен ірітіп жатқанын атап өтті.

«Рухы жаншылған елдің үні бәсең, сөзі дүдәмал, өзі дүбара», – деп түйіндеді Роза Әлқожа.

Желі қолданушылары бұл жазбаға қызу пікір білдіріп, көпшілігі әншінің қоғамдағы шынайы мәселелерді ашық көтергенін қолдап жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар