Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Білім беру бағдарламасындағы интерактивті әдістер

13:33, 18 қараша 2023 184
Елде болып жатқан саяси, әлеуметтiк, экономикалық және т.б. өзгерiстер бiлім беру жүйесiне де әсер етуде.

БҰҰ-ның «тұрақты даму мақсаттарының ішіндегі 4-мақсат: «Барлығына сапалы білім» екенін ескеріп,білім жүйесінде орын алған өзгерістерге толық қосыла отырып Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасы жаңа әдістермен оқыту ерекшілігін қолға алды. Бiздiң ел дамудың демократиялық жолын таңдауына байланысты, бүгiнгi таңда қоғамды шешiм қабылдауға тартудың маңызы арта түстi. Осы бағытта студенттердің белсендiлiгiн арттыруға мүмкiндiк беретiн әдiстемелiк тәсiлдер интерактивтi деп аталады.. Бұл әдiстердi қолдану сырттай өте жеңiл көрiнгенімен, өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары да бар. Интерактив – ағылшынның «өзара әрекет» деген сөзі. Демек, интерактивті оқыту әдістері тұлғааралық қарым-қатынасқа негізделе отырып, «жеке тұлғаны дамытуға бағытталатын» қазіргі білім беру жүйесін қанағаттандырады. Сонымен бірге, сапалы білім алудың алғышарттары болып табылатын таным белсенділігі мен ізденіс дербестігін қалыптастырып қана қоймай, ары қарай дамытады.

Интерактивті оқыту әдістері дәстүрлі оқыту әдістерінен оқу үрдісінде студенттердің өзінің өмірлік тәжірибелерін пайдалану арқылы есте берік сақтауымен, мәліметтерді талдап, жинақтау арқылы жеке және кәсіптік қабілеттерін аша алуымен ерекшеленеді. Дегенмен, интерактивті оқыту қажетті ақпаратты игеруге уақытты көбірек бөлуді, бағалауда жаңа, күрделі өлшемдерді қолдануды қажет етеді және студенттердің танымдық іс-әрекетін басқаруда тәжірибесі аз оқытушыларға көптеген қиындықтар туғызады. Интерактивті оқыту әдістерін тиімді пайдаланып, алға қойған мақсатқа жету үшін, белсенді оқытудың өзіндік талаптарын есепке алып, алғышарттарын қанағаттандыру керек. Оқудың интерактивті нысанын қолдауға бет бұрушы оқу процесі оның қатысушыларынан өзара ынтымақтастықты талап етеді. Ынтымақтастық оқу процесінің әрбір қатысушысы өзінің жеке үлесін қосудан, жұмыс барысында қызмет етудің білім, идея, тәсілдерімен алмасудан қалыптасады. Интерактивті әдістер өзара әрекет ету, білім алушылардың белсенділігі, топ тәжірибесіне сүйену, міндетті кері байланыс қағидаларына негізделген. Қазіргі педагогикада келесі интерактивті әдістерді көрсетуге болады:

• Шығармашылық тапсырмалар;

• Шағын топтардағы жұмыс;

• Жаттықтырушы ойындар (рөлдік ойындар, имитациялар, іскерлік ойындар және білім беруші ойындар);

• Қоғамдық қорларды пайдалану (мамандарды шақыру, экскурсиялар);

• Әлеуметтік жобалар және оқудың өзге аудиториядан тыс әдістері (әлеуметтік жобалар, сайыс, радио және газеттер, фильмдер, спектакль, қойылымдар, көрмелер,көріністер, өлең және ертегі);

• Арнайы жаттығулар;

• Жаңа материалды зерттеу және бекіту (интерактивті дәріс, көрнекті құралдармен жұмыс жасау, видео және аудиоматериалдар қолдану, «оқушы оқытушының рөлінде», «әркім әркімді үйрету», мозаика, сұрақтарды пайдалану, сократ диалогы);

• Күрделі және пікір талас сұрақтар мен мәселелерді көтеру («позиция таңдау (пікір шкаласы)», формула (позиция – дәлел – мысал – нәтиже), проективті техника, «Жалғыз – екеу – барлығы бірге», «Позицияны ауыстыру», «Карусель», «Телевизиялық ток-шоу стиліндегі пікір сайыс», дебаттар, симпозиум);

Қорытындылай келе,оқу үдерісіндегі жаңа әдістер Жаһандану кезеңінде бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандарды даярлауға септігін тигізеді. Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру бағытында профессорлық-оқытушы құрам ғылыми-педагогикалық шеберлігін, ізденісін арттырады деп сеніммен айта аламыз.

Есламғалиев Ж.Р

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы,з.ғ.м

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар