Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы дүниеден өтті

09:47, 12 наурыз 2024 508

Қазақ руханиятында өзіндік қолтаңбасымен танылған жазушы 74 жасқа қараған шағында ауырып қайтыс болды.  

«Таң атпай жеткен қаралы хабар көңіл-күйімді бұзды. Төрт-бес күн бұрын Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкен жазушы досының ауруханада ауыр халде жатқанын жоғары жақтағы басшыларға жанұшырып айтып, дәрігерлерге хабарласып жатқанын естіп едім. Көңілім сенбеп еді. Болмаған екен ғой. Өте өкінішті...

Қазір Алматы әуежайында Атырауда өтетін ұлттық құрылтайға қатысуға ұшқалы тұрған Жазушылар одағының төрағасына жан досының, өмір бойы қатар жүрген, сыйласқан досының дүниеден өткенін амалсыз хабарлауға мәжбүр болдым. Өмір деген осы, бүгін бар адам, ертең жоқ», - деді жазушы Қасымхан Бегманов.

Жазушы оқырман қауымға бірнеше еңбегімен танымал. Оның «Қияда» атты алғашқы повесі, «Қызыл қар», «Жала мен нала» (1987), «Жыр жолбарыс (1996), «Біздің заманның Аяз биі» (1997), «Жаңғырық» сынды шығармалары оқырманға жақсы таныс. 

«Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, қазақтың қабырғалы, талантты жазушысы Жұмабай Шаштайұлы қасиетті рамазан айында дүниеден өтті. Жұмабай ағамыз иманды, өте мейірімді азамат болатын. Ағамызбен риясыз сыйластық. Талай сапарлас болдық. Жазушы Жұмабай Шаштай ғазиз атына кір шалдырмай өткен саңлақ. Пендешіліктен аулақ өмір кешті. Асыл ағамыз мына жалғанды тастап, бұрынғылардың жолына түсті. Біртіндеп қазақтың бүгінгі ірілері кетіп жатыр. Жақындарына, жанұясына, қалың қазаққа көңіл айтамын. Жаныңыз жәннәтта болсын, Жұмабай Аға», - деді Багманов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар