Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысқа байланысты бейбіт тұрғындардың қазасына қатысты ұстанымын айтты, деп жазады Alash.kz.
“Тікелей желі” форматындағы жылдың есеп беру эфирінде оған АҚШ-тың NBC телеарнасының журналисті Кир Симмонс тарапынан тікелей сұрақ қойылды. Тілші Ресей басшысынан Украина аумағында жалғасып жатқан адам өлімдері үшін жеке жауапкершілік сезіне ме деген мәселені көтерген. Осы сауалға жауап берген Владимир Путин өз елінің бұл жағдайға кінәлі емес екенін мәлімдеді.
“Біз бейбіт тұрғындардың өліміне өзімізді жауапты деп санамаймыз, өйткені соғысты біз бастаған жоқпыз. Соғыс 2014 жылдағы мемлекеттік төңкерістен кейін басталды”, – деді ол.
Ресей президентінің айтуынша, қазіргі жағдайға жауапкершілік Мәскеуге емес, Украинаға, сондай-ақ Еуропа елдері мен АҚШ-қа жүктелуі тиіс. Ол бұл пікірін эфир барысында бірнеше рет атап өткен.