Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бастауыш пен орта буыннан эссенің көзін құртып шығармамыз бен диктантымызды қайтарып берсін! -АҚЫН

17:50, 06 маусым 2024 451

Ақын Самал Зікірияқызы мектептегі білім беру жүйесін сынға алды. Бұл туралы ол өз Facebook парақшасында жазды. 

Сөз басын қаламгерлерге үндеу ретінде бастаған Самал Зікірияқызы қазіргі таңда мектеп бағдарламасында диктант, шығарма сынды дүниелердің жоқтығын айтып налыды.

“Шарам қалмағанда шыңғырып жыладым” дегендей, жан шырылын айтайын, құлақ салыңыздаршы, қазақтың қаламгерлері!

Жазба авторы шығарманың орнына мұғалімге де, оқушыға да эссе жанрын міндетті етіп қойғанына ашуланды.

Мектепте бастауыштан бастап эссе жазады. Бағдарламадан диктант, мазмұндама, шығарма алынып тасталған. Себебін білмеймін, салдарынан шошисың…

Диктанттың жоқтығынан сауаттылық жойылды. Мазмұндаманың жоқтығы - баланың жадын әлсіретіп, шығарманың жоқтығы - көркем сөзге қабылетсіз, ойын жеткізе алмайтын, кең ойламайтын, стилі дұрыс сөйлем құраудан мақұрым, қиялсыз балаларды “печаттап” жатыр.
Жазуы әлгіндей болғанда, сөйлеуі де мәз емесі белгілі.

“Эссе-әдебиеттің элиталық жанры”-дейді Жүсіпбек Қорғасбек ағамыз. Иә, рас! Эссе-әдебиеттің әдіпті жанры.
Шоң жанр.

Бала түгілі мұғалімге алшысынан түсе салатын жанр емес, эссе. Эссенің түрлерін білгенімен, түрленуін білмейді, ұстаздар. Оны қойшы, осыны бағдарламаға енгізе салғандар эссе жаза ала ма?
Диктант пен шығарма қай кемшілігінен бағдарламаның жұлынынан жұлынып қалған? Кімнің ісі бұл?

Бағдарламаның былығын айтпай-ақ қояйын. Әйтпесе, “ұрпағым” дегеннің бәрінің уайымына айналатын проблема. Мұғалімнің ғана күйісі емес!

Қолына қағаз, қалам беріп, балаңыздан, немеріңізден диктант алып көріңіздерші, өтініш!

Шығарма жаздырып көріңіз. Бәлкім, сонда түсінерсіздер, нендей күйдің күйігін күйттеп отырғанымды.

Бала бастауышта мазмұндама жазуы керек. Жадын жаттықтырып, сауатын қалыптастырмай ма?

Орта буында, яғни 5-сыныптан 9-сынып аралығында шығарма жазуға тиіс. Ойын дұрыс жеткізу, қиялын шарықтату, сөйлем құрау стилін қалыптастыру - жазудың басты талабы. Осыдан ойсыраған бала қалай эссе жазбақ?

Еркін көсілмейтін жазба жұмысында шеңбер, ромбик бар да, еркіндік жоқ.
Міне - кесір-кесапаты.

Эссе 100 % көркем шығармаға тиесілі жанр емес. Қиял мен шабыттан гөрі аргумент, дәлел, ақрараттық көзқарас, сыни пайым жатуы керек өн бойында. Ал сіздің диктант алған, шығарма жаздырған балаңыз осыған қабылетті ме? Бағалаңыз!
Баяғы “5” жоқ қазір. 10 балдық бағалау әдісімен баға беріңіз.

Мектептегі қойыртпақ оқулықтар мен келеңсіз кемшіліктер мұғалімнің ғана дерті ме? Қазақтың болашағы, ұрпақтың сауаты, ертеңнің елесі кімге жүк сонда?

“Заманауи” деген ұждансыз ұстаным шетелдің шертіп құлата алмайтын әдіс-тәсілдерін, ірігі мен шірігін неге тықпалай береді бас-көзсіз?

Сұрыпсыз, сынсыз, талғаусыз, көрінгеннің көнтерісін сүйретіп келіп сөлпеңдете беретіндей қазақ білімі қоқыс жәшігі ме?

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мектептерде қазақ тілінен емтихан алудан басталды, биыл.

Ананы қараңыз!
Керемет бастама, иә!…

5-сыныптан бастап эссе жаздырдық. Нәтижиесін айтпай-ақ қояйын…
Алдық! Көрдік! Көндік!
Амал жоқ қой!
Дабыл қағып отырғаным да осыдан, қымбатты қаламгерлер!

Болашақта ақын, жазушы болмай ма?

Болса, диктант жазбаған сауатсыз, шығарма жазбаған шарасыз жазушы болар ма?!

Отыз жылда білім алғандардың әр постың астына білгішсініп жазып кететіндердің пікірлерін көзіңіз шалып жүрген шығар, онсыз да… Апам мен атам мың есе сауатты жазады, қайта.

Ақын-жазушыны қойшы, қандай оқырман болады бұлар?

Жазып жатқанымызды кім оқиды?

Кімге керек? Кім үшін жазасыз?
Қателерден көз сүрінетін оқулықтардан, қазақ тілі сабағында физика, химия, биология, географияға тән мәтіндерден мән іздеген балада әдеби кітапқа құлық бола ма?

Зағиптарға арналған кітаптар бар емес пе, дәл сондай ертеңгінің түйсігіне тиімді, санасына сиымды, қабылетіне қонымды кітаптар шығаруға тура келер ме екен, әлде кейінгі заманда.

Классиктердің шедеврларын күл талқан қылып қиқалап, қылдырықтай кітаптарға айналдырып жүрмесін ұрпағымыз…

Оқырманымыз!

Ойланыңыз!
Ойланайық!
Ортақ уайым болсын, “қазақ” десек!

Анау жоғарғыларға біз сияқты “кәкір-шүкірлердің” сөзі әсерсіз. Мыңғырына дыңғыр етпейді. Өңешіміз жыртылғанша айғалап, қойғанбыз!

Бастауыш пен орта буыннан эссенің көзін құртсын! Шығармамыз бен диктантымызды басыбүтін қайтарып берсін!!!

Ыбырай қалаған іргетастың үстінде, Ахмет тұрғызған қабырғаның ішінде қашанғы күңіренеміз?!

Болашақтың бағытын бірге барлап, бірге бағамдайық!

Қазақ болсаңыз, қазақтың болашағына білім беріп отырғандармен бірге болыңыз!

Мектепке былдырлап кірген балаңыз, шүлдірлеп шықпасын!",- деді ол өз жазбасында.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар