Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бақытты ғұмыр кешудің формуласы - адамдарға жақсылық жасау" - журналист Жанар Шамель

10:16, 10 шілде 2024 760
Әлеуметтік желіде мән-мағынаға толы жазбаларымен оқырман ықыласына бөленіп жүрген журналист Жанар Шамель "адамдарға жақсылық жасаудың кереметін" бөлісті. Ой саларлық жазбана қалың көпшіліктің ықыласы ауып, қазақы тәрбиенің ерекшеліктері жинақталған жазбаны жылы қабылдады, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы. 
 
Жанар Шамель өзіндік "Бақытты ғұмыр кешудің формуласын" жақсылық жасаумен байланыстырды:
 
Бақытты ғұмыр кешудің формуласы - адамдарға жақсылық жасау. Бұл тіршіліктің фундаменті.
 
Адамзаттың бәрі біреуге керек болу үшін өмір сүреді, сол үшін білім алады, ізденеді, ақша табады, билікке ұмтылады, алға жүреді. Ешбір адам жалғыз өзі өмір сүре алмайды. Маған ешкім керек жоқ деген бос сөз.
 
Оянғанда ойыңа бір адам тұрса сен бақыттысың. Бақытты болу - сіздің адамдармен қарым-қатынасыңызбен тығыз байланысты. Оның төте жолы - айналаңның батасын алу, ризашылығын сезіну.
 
Мұндай қымбат дүниені тегін және оңай алуға болады. Жан дүниеңізбен жақсылық жасаңыз! Ол ақша берумен ғана байланысты емес. Оның қайтарымын күтпеңіз, есептемеңіз, ол жеті ұрпағыңызға тарайды. Есептеуден арыла алмай жатсаңыз, Жаратқанның адам баласына тегін бергендерін санауды үйреніңіз. Ауаның 1 минутын, судың 100 грамын, жердің 1 см, жаңбырдың 1 тамшысын, қардың 1 уысын, шөптің бір құшағын, күннің 5 минутын, т.б бәрін сатып алатын болсақ өзге түгілі, өзіміздің атымызды үмытар едік. Қазір проблема деп жүргенмен жылап көрісер едік.
Кейіннен журналист өзінің өмірлік тәжірибесі жайлы толғануға ойысты:
 
“Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер “ деп қазақ деген феномен тек айтпаған. Мен осындай сөздерді үнемі естіп өстім. Әкем “өмірде жақсылық жасаумен айналысу керек” дейтін. Өзі солай өмір сүрді.
 
Анам да соны қайталайды. Үнемі. “Таспен атқанды аспен ат” деп отырады. “Ол қалай сонда, сені ренжіткенге нан бергені несі” дейтінбіз. Апам марқұм, “біреуге жақсылық жасауды үйрену үшін өзіңдегі тәкаппарлықты жеңу қажет” деп отыратын. “Адам күнде өзгемен емес, өзімен күресу керек” дейтін. Ол кезде оны кім түсінген. Қазір білесің.
 
Біздің ата-бабамыз бізге қарағанда анағұрлым білімді, дана. Бізге бақытты өмір сүрудің тұтас ғажап мектебін қалдырды. Оларда Кембриджде, Оксфордта жоқ білім болған. Біз олардың тырнағына татимыз ба, татымаймыз ба, білмедім. Бірақ тарихи жолында қандай қиындықтарды, зұлматты көрсе де бізге адами құндылықтарды сақтап қалуды өсиет етті. Өзіміз үшін.
 
Адамды сүй, жақсылық қыл! - деді айналасына жақсылық нұрын себуді жанындай жақсы көретін жан.
 
Оқырман қауымның да жылы жазбадан кейін ерекше тебіренгені байқалады:
“Ата бабамыздың тырнағына татимыз ба жоқ па” деген ойың үнемі мазалайды. Көп мәселе сол жолдан адасып қалғанымыздан туындамаса не қылсын...", Жазбаларыңыз керемет. Постыңыз шыға келсе қуанып, аса бір ыждахаттылықпен оқимын" деп жазды олар.   
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар