Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“7 адам қаза болып, 11 адам жарақат алған” - Әуеге көтеріле бере жарылып кеткен ұшақ туралы тың деректер шықты

13:15, 05 қараша 2025 182

АҚШ-тың Кентукки штатындағы Луисвилл қаласында логистикалық компания UPS-ке тиесілі MD-11 үлгісіндегі жүк ұшағы апатқа ұшырап, жарылыс болды. Қайғылы оқиға 4 қараша күні ұшақтың әуеге көтерілу сәтінде тіркелген, деп хабарлайды Alash.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде жеті адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алған.

UPS компаниясының дерегінше, ұшақ UPS Worldport халықаралық авиаорталығынан Гонолулуға бағыт алған кезде апатқа ұшыраған. Жарылыс Мұхаммед Әли атындағы халықаралық әуежай аумағында болған.

Компания апат фактісін растады және тергеуді АҚШ Көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңесі (NTSB) бастағанын хабарлады. Сондай-ақ UPS Федералдық азаматтық авиация басқармасымен (FAA) бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

“Апат себебі мен ұшақтың техникалық жағдайы анықталуда. Тергеу тобы оқиға орнына жетті”, — делінген NTSB хабарламасында.

Куәгерлердің айтуынша, апат сәтінде ұшақтың қозғалтқыштарының бірі отқа оранған. Желідегі пікірлерде бұл оқиға MD-11 ұшағы тарихындағы ең сұмдық және ауыр апаттардың бірі ретінде сипатталды. Бір көрермен былай деп жазған:

“UPS-тің MD-11 апатын көріп, шынымен денем түршікті. Бұл ауыр ұшақ апатының ең қорқынышты және қайғылы кадрларының бірі. Егер қателеспесем, соңғы рет біз дәл осындай — әуеге көтеріле сала қозғалтқышы өртеніп, ұшақ жарылған сәтті — бейнежазбадан көрдік”, — деп жазды куәгер.

Мұхаммед Әли атындағы халықаралық әуежай — АҚШ-тағы ең ірі көлік тораптарының бірі және UPS компаниясының басты логистикалық хабы. Мұнда мыңдаған қызметкер жұмыс істейді, тәулігіне 300-ге жуық рейс орындалады, ал сағатына 400 мыңнан астам жөнелтім өңделеді.

United Parcel Service (UPS) — әлемнің 220-дан астам елінде жұмыс істейтін америкалық экспресс-жеткізу және логистикалық компания.

Қазіргі уақытта апат орнында құтқару және тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар