Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Баланы қорлағандар өмірбойы, әйелін азаптағандар 7 жылға сотталады

18:31, 15 сәуір 2024 668

Жаңа заң бойынша баланы қорлағандар өмір бойына, әйелді азаптағандар 7 жылға сотталады.

15 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтіп, оны әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жазаға ауыстыру туралы құжатқа қол қойды.

Бұл заң қабылданғанға дейін біршама әйел күйеуінің қолынан көз жұмған еді. БҰҰ әйелдер дерегі бойынша Қазақстанда жыл сайын 400 әйел жұбайының қолынан қаза табады. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев келтірген деректерге сәйкес, 2023 жылы отбасылық зорлық-зомбылықтан 108 адам мерт болған. 

Әйелін азаптаған ер адам 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Президент қабылдаған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заңға қол қойылғанға дейін елдің құқықтық жүйесінде әйелдердің құқықтарын қорғау іс жүзінде толық іске асырылмағанын мойындау қажет. 

Бұдан былай балаларды зорлағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады

Жаңа заңда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілді.

Балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың кез келген түрін көрсету жауапкершілігі едәуір күшейтілді. Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандарға қарсы денсаулыққа зиян келтіруден бастап ұрлау мен өлтіруге дейінгі қылмыстардың тізбесі жүйеленген және нақты анықталған. Мұндай әрекеттерді жасаған адамдар татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатыла алмайды.

Кәмелетке толмағандарды өлтіргені, зорлағаны, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жаза қарастырылған.

Балаларды ұрлағаны үшін бұдан былай 10 жылдан 15 жылға дейін (бұрын 7 жылдан 12 жылға дейін), ал заңсыз бас бостандығынан айыру үшін – 5 жылдан 10 жылған дейін (бұрын 5 жылға дейін) бас бостандығынан айыру қарастырылған.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар