Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйекті Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Осы орайда заңнамада аза тұту күніне қатысты тыйым салынған әрекеттердің арнайы толық тізімі қарастырылмағанымен, мемлекеттік протокол мен қалыптасқан дәстүрге сай бірқатар шектеулер енгізіледі. Бұл күні еліміз бойынша мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, концерт, фестиваль, шоу сияқты көңіл көтеретін бұқаралық іс-шаралар толығымен тоқтатылады немесе кейінге қалдырылады. Сонымен қатар телерадио арналарында ойын-сауық бағдарламаларының эфирге шығуы шектеліп, хабар тарату торы қайғылы оқиғаға сай өзгертіледі. Ал азаматтардың жеке өміріндегі той жасау, мейрамханаға бару немесе музыка тыңдау сияқты әрекеттерге заң жүзінде шектеу қойылмайды. Жалпыұлттық аза тұту күнінің басты мақсаты — қаза тапқан әскери қызметшілердің рухына құрмет көрсету және қайғыға ортақтасу.