Астана қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында қазақстандық балуан Исхар Курбаев қола жүлдеге қол жеткізіп, жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.
Елорда төріндегі додада жүлдегер атанған отандасымыз жанкүйерлердің көрсеткен қолдауына ерекше тоқталып, турнирдің оған оңайға түспегенін жеткізді. Бұған дейін 60 келі салмақта белдесіп жүрген балуан өз елімізде өтіп жатқан әлем чемпионатында бақ сынау үшін 55 келі салмақ дәрежесіне түскенін атап өтті.
Жарыстан кейінгі сұхбатында спортшы өз басынан өткен ауыр қайғы мен жарыс барысындағы қиындықтар туралы ашық айтты:
«Осындай қолдауды сезе тұрып, жеңіліп қалу қиын екен. Сондықтан маған қолдау көрсеткен барша жанға алғысымды білдіремін.
55 келіде күресу үшін салмақ тастадым. Алға қойған басты мақсатым - алтын медаль алу еді. Дегенмен қола медаль бұйырып тұр екен.
Алғашында сегіз келі салмақты қалай тастаймын деп алаңдадым. Өйткені бұл бір-екі айда атқарылатын жұмыс емес. Жыл басынан бері көп еңбек еттік.
Негізі, бұған дейін 60 келіде күресіп жүрдім. Алайда әлем чемпионаты өз елімізде өтетін болғандықтан, шынымды айтсам, 55 келіде мүмкіндік көбірек болды.
Жартылай финалда тактикалық тұрғыдан қателік жол беріп, қарсыласыма есе жібердім.
Өкінішке қарай, осы жарысқа аз уақыт қалғанда Жігер есімді бауырым, бөлем дүниеден өтті. Оның менің жеңісімді көре алмай кеткені өте өкінішті. Осы қола медалімді бауырыма арнаймын», – деді Курбаев.