Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ахмет Байтұрсынұлы: Жаңалыққа жастар мойнын бұрып қайырылар, халық түзелуінің үміті жастарда

13:50, 17 сәуір 2024 544

Қазақ ішінде әр жерде бала оқытатын адамдардан бала оқытуға програсы (жосық) көрсетілсе екен деген өтініштер келеді. Бұл күнде қазақ арасындағы оқу жосықсыз һәм жосық жасауға болмайды да.

Үйткені қазақтың бастауыш мектебінде оқитын кітаптар белгіленбек түгіл, әлі шыққан да жоқ. Жаңа ғана әліппе шыға бастады. Оның да қайсысы оқылары белгіленген жоқ. Әліппеден әрі оқытатын кітаптар әлі шыққан да жоқ. Дін жағынан оқытатын, есеп оқытатытын, жағрафия һәм тарихтан қысқалап хабар беретін кітаптар әлі жоқ.

Сондықтан програм деген сөз әзір ертерек. Әуелі бала оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бастап, неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс.

Бұл сөзді қоя тұрып, мұнан бұрынырақ ескертетін бір жұмыс бар. Ол мынау: бір нәрсені істегенде сол істі істей білетін адам істесе шапшаң да, жақсы да істейді. Бұл жалғыз қол ісі емес, ми ісінде де солай. Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білуге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек.

Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек.

Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халынан хабар аларлық болу керек. Ол үшін бала турасындағы ... керек. Бұл күнгі ғылымды жұрттарда бала оқыту жұмысы бала оқыту ғылымын оқып шыққан адамдардың қолында. Сол ақылға да дұрыс. Содия содиялық ғылымды оқығаннан болғанда, доқтыр доқтырлық ғылым оқығаннан болғанда, мұғалім мұғалімдік ғылымын оқып шыққан адамдардан болуы тиісті.

Біз болысымыз, басқа жұрттың болысындай, елді баға алмайтын мінін айтып жатырмыз, билерімізде содиядай әділдік жоқ, мінін айтып жатырмыз, дәрігерлеріміз, бақсыларымыз доқтырдай ауруды емдей алмайтын мінін айтып жатырмыз, халқымыздың басқа жұрттай білімді емес, надандық мінін де айтып жатырмыз.

Бұлардың мінін айтқанда бала оқытуымызда қандай мін барын да айтып, әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастау керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та - оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқумен түзеледі. Бұл күндегі үлкендердің біздің жаңалық ісімізді жатырқап, жаңалық пікірімізді түсінбей, айтқанымызды тыңдамай, істегінімізге қосылмай отыр.

Олар өтіп, кейінгі жастарымыздың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойнын бұрып қайырылар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс.

Қазақтың оқу жұмысы бұл күнде школда: қазақ балаларының бір парасы орысша оқып жүр, бір парасы ескі молдалардан оқып жүр, бір парасы соңғы замандарда ғана жаңа жолмен оқи бастады. Орысша оқығандарды оқыту һәм тәрбиелеу ғылымы оқыған адамдардың қолында. Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек.

Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет. Ескі жолдың оқуын сөз қылып, қозғамаймын. Бүгін бар, ертең жоқ болатын нәрсе. Дүния тегеріші кейін айналмайды. Ескік мен жаңаның оқытуға шыдамдылығы бірдей емес. Ескі әлі-ақ тозып, жыртылып, пара-пара болып тұтынудан шығады.

Жаңа жолдың оқуы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны, пікірлері жаңа. Ниеті - жұртына қызмет ету. Бұлар білгенін, тапқан-таянғанын жұртынан аяр қалатын емес. Қазақтың бастауыш мектебіндегі жұмысын қолдарына алуға лайық адамдар. Әр жайдан хабардар, дүнияда не істеліп, не қалыпта тұрғанынан бұлардың мағлұматы мол. Қысқасы, қазақ арасына білім нұрын жаюға нағыз қолайлы адамдар.

Бұлардың бір кемшілігі сол: бала оқыту ғылымын оқығандары ішінде кем болады. Сондықтан көбіне бала оқытуында кемшіліктері - қазақ мұғалімдері түгіл, ноғай мұғалімдерінің көбі дыбыс айыру жағына шорқақ көрінеді. Дбысты жақсы білмей, усул сотие жолымен жақсылап бала оқытуға болмайды.

Менің көрген медресе "Ғалия", медресе "Хұсиниядан" шыққандардың азы болмаса, көбі қазақ тілінде қанша һәм қандай дыбыстар бар екенін жақсы білмейді, көбі қазақ тіліндегі араб харыфына қарап есептейді. Араб харыфы дұрыс келмейтін дыбыс қазақ тілінде де бар болса да, жоққа санайды. Қазақ тіліндегі дыбысты жақсылап білмей, қазақ балаларын усул сотие жолымен жақсылап оқытуға болмайды.

Екінші кемшілігі - қазақ мұғалімдері де, қазақ ішінде бала оқытатын ноғай мұғалімдері де оқытуды дыбыспен жаттықтырудан бастамайтын көрінеді. Ол дыбыспен жақттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдетуге пайдасы көп екенін я білмегендік, я білсе де істеп көрмегендік. Дыбыспен балаларды жаттықтыру - оқу мен жазу үйретудің негізі. Істің басы түзу басталса, барысы да түзу болмақшы.

Осы айтылған кемшіліктерін түзеу мұғалімдерге қиын емес. Қазақ тіліндегі дыбысты қазақ сөздерінің ішіндегі дыбыстарды айырып байқаумен білуге болады. Дыбыспен жаттықтыруды олай оқыта білетін адамдардың оқытқанда істеген ісінен көріп үйренуге болады я білетін адамдардан 10-15 күн сабақ алып үйренуге болады.

Бұлардың бәрі де балаларды қинамай оңай оқытуға керек нәрселер. Қиналмай оқыса, оқуға балалар қызықпақшы, балалары тез хат білсе, ата-аналары балаларын оқытуға ықыластанбақшы. Ата-анасы баласын оқытуға ықыластанса, оның оқуына керек расходты шығынсынбас еді. Сүйтіп, мұғалім жақсы оқыта білгені қазақ ішіндегі оқушыларды көбейтіп, оқу ісінің шапшаңырақ ілгері басуына күш берер еді.

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

"Қазақша оқу жайынан" мақаласынан

"Қазақ" газеті, 1913 жыл, 16 мамыр, №14

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар