27 жастағы Атырау тұрғыны өз бүйрегін 9 миллион теңгеге сатпақ болғаны үшін айыпталып, сот алдына келді. Ақтөбе қаласының №2 сотында ер адамға ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Halyqstan ұсынған іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың маусым айында азамат Орынбасаров Telegram арқылы өз бүйрегін сатуға ұсыныс жариялаған.
Оның бұл ұсынысы полиция агенті болып шыққан “сатып алушыны” қызықтырған.
Агент мәміле жасауға келісіп, бірақ алдын ала медициналық тексерістен өтуді шарт ретінде қойған.
2024 жылдың 19 қыркүйегінде ер адам Ақтөбеге барып, “сатып алушымен” кездескен және 5 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем алған. Алайда, ақшаны алғаннан кейін оны полиция қызметкерлері ұстаған.
Оған ҚК 24-бабының 3-бөлігі және 116-бабының 1-бөлігі бойынша – “қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу” және “тірі адамның органдары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасау” баптары бойынша айып тағылуда.
Айыпталушы органды сатпақ болған әрекетін қарызының көптігімен және қаржылық қиындықтарымен түсіндірді.
Ол отбасылы, екі кішкентай баланы тәрбиелеп отыр. Қазіргі уақытта ер адам елден шықпау туралы қолхатпен босатылған, сот үкімін күтуде.
Еске сала кетсек, Қазақстанда органдарды сату қылмыс болып табылады. Донорлық тек өтеусіз негізде ғана жүзеге асырылады. Заң бұзғандар үшін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Бұған дейін Ақтөбе тұрғыны да бүйрегін сатпақ болғаны үшін 1,6 жылға бас бостандығынан айырылған еді.