Қызылордада бес айлық сәби мен оның анасын көлікпен қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші арада 14 күн өтсе де әлі ұсталған жоқ, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға 13 қазанда сағат 17:10 шамасында Қызылорда қаласындағы Құлтекенов көшесінде болған. Mitsubishi Lancer Sedan маркалы автокөлігінің жүргізушісі 26 жастағы келіншек пен оның бес айлық нәрестесін қағып, із жасырып кеткен. Соққыдан ауыр жарақат алған сәби ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Ал зардап шеккен анасы ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 26 жастағы әйелдің бас сүйегі, қабырғалары, бұғана, жамбас сүйектері мен тобығы сынған. Сонымен қатар өкпесі зақымданып, жарақаттық шок тіркелген. Соңғы ресми ақпаратта оның денсаулық жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Осы қайғылы оқиғадан кейін Қызылорда облысының Полиция департаменті күдіктіні құрықтау үшін барлық күш-жігерді жұмылдырып жатқанын жеткізді. Редакция сауалына берген ресми жауабында ведомство өкілдері сот шешімі шыққанын айтып, тура мынадай төл сөзді келтірді:
«Күдіктіге іздеу жарияланып, тергеу сотымен қамауға алу санкцияланды. Оның жүрген жерін анықтау мақсатында Полиция департаментінің жеке құрамына бағдар берілді, барлық күш пен құрал жұмылдырылды. Тергеу барысы ерекше бақылауда».
Қазіргі таңда қашқын жүргізушіні іздеуге жергілікті жұртшылық та белсене атсалысуда. Күдіктінің бой тасалап жүрген жері туралы нақты әрі дәлелді ақпарат берген азаматқа 500 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалды. Бұл бастаманы жеке заң компаниясы көтеріп, іздестіру жұмыстарына қолдау білдіріп отыр.