АҚШ әкімшілігінің мәліметінше, Ресей мен Украина Херсон облысындағы Алешки қаласы маңында 29 қазаннан бастап атысты уақытша тоқтатуға келіскен. Бұл туралы Ақ үйдің ресми сайтында хабарланды, деп жазды Alash.kz.
АҚШ әкімшілігі бұл жергілікті бітімге бірінші ханым Мелания Трамптың араласуымен қол жеткізілгенін мәлімдеді.
Ақ үйдің түсіндіруінше, уақытша бітімнің мақсаты — тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізу және арнайы белгіленген қауіпсіз дәліз арқылы жергілікті халықты эвакуациялауға дайындық жүргізу.
Мелания Трамптың бағалауынша, Алешкидегі жағдай гуманитарлық апат шегіне жеткен. Қалада қалған тұрғындардың басым бөлігі — қарт адамдар. Оларға шұғыл медициналық көмек, дәрі-дәрмек, азық-түлік пен таза су қажет.
АҚШ әкімшілігінің дерегіне сәйкес, қазір Алешкиде шамамен 1,7–2 мың адам, оның ішінде 50-ге жуық бала қалған. Ал соғысқа дейін қала халқының саны 24 мыңға жуық болған.
Келісім аясында Ресей мен Украина өкілдері тұрғындардың қажеттіліктерін анықтау үшін үйлерді бірге араламақ. Қаланы тастап кеткісі келетіндерге көлік беріледі. Эвакуация Ресейге де, Украинаға да жүргізілуі мүмкін.
Сонымен қатар Мелания Трамптың бастамасымен ресейлік және украиналық топтардың жұмысын сүйемелдеп, үдерісті құжаттап отыратын тәуелсіз америкалық медиа ұйымды тарту жөнінде уағдаластық жасалғаны хабарланды. Бұл әр отбасының қалауын ескеруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Владимир Путин мен Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлескенін хабарлаған. Оның айтуынша, тараптар Ресейдегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл Яна Лантратованың Мелания Трамптың кеңсесімен Алешкидегі жағдайға қатысты тұрақты байланыста болуына келіскен.