Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда жұқпалы аурулар орталығы салынып жатыр

10:58, 25 сәуір 2023 227
Пандемия жарияланып, жаппай жұқпалы ауру өрши бастаған тұста халық үшін жұқпалы аурулар ауруханасының маңыздылығын түсіндік. Аяқасты аурухана да салдық. Жалпы жағдай жұқпалы ауруларға кез келген сәтте дайын болуымыз керек екенін аңғартты. Осы жағдайдан сабақ алып, Алматыда жұқпалы аурулар орталығы салынып жатыр. Құрылысқа шамамен 130 миллиард теңге бөлінген. Мердігерлер құрылыс биылғы жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарланғанын айтып отыр.

Қазіргі таңда мамандар жаңа орталық бүкіл ТМД-дағы ең ірі зерттеу және клиникалық орталық болатынын атап өтуде. Яғни ТМД көлеміндегі ең ірі жұқпалы аурулар орталығы Алматы қаласында болмақ. «Соңғы жылдардағы оқиғалар клиникалық бөлімшесі бар ірі ғылыми-зерттеу жұқпалы аурулар орталығының болуы жай ғана қажеттілік емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін дәлелдейді», - деген мамандар жаңа орталықтың маңызы зор екенін айтуда. Осы орайда атап өтер жайт, пандемия кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әрбір дағдарыстың өз сабағы болады. Оны ескеру керек. Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесін дамытуға және оны қолдауға тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Әрине, оның белгілі бір себептері бар. Оны сіздер жақсы білесіздер. Біз қазір Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қалыптастырып жатырмыз. Қажетті реформалар жүргізілетін болады. Атап айтқанда, Бас санитарлық дәрігердің өкілеттігі күшейтіледі» деген болатын. Бүгінгі күні Алматыдай алып қалада бой көтеріп жатқан жұқпалы аурулар орталығы осының айғағы. Орталықтың Алматы қаласынан бой көтеруі негізі денсаулық сақтауға қатысты мәселелерді шешуде қаланың өз орны бар екенін аңғартады.
Аурухана құрылысы 2021 жылдың қазанында салына бастаған болатын. Орталықта 350 заманауи жабдықталған орын болады деп күтілуде. Нысан қазақстандық дәрігерлер, медицина мамандары мен ғалымдар үшін, Алматының медициналық жоғары оқу орындарының студенттері үшін клиникалық базаға айналады делініп отыр. Жаңа орталықта жұқпалы аурулар, пульмонология және фтизиатрия саласында медициналық көмек көрсетіледі, зерттеулер мен оқыту жүргізіледі, озық медициналық технологияларды шоғырландырады, дәрілік препараттарды зерттейді. Жұқпалы ауру жағдайында жедел көмек көрсетуге шешімдер қабылданады, сонымен қатар, жаңа нысан базасында елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін ахуалдық орталық ашу жоспарланған. Мұның барлығы елдегі жұқпалы аурулардың алдын алуда маңызды әрекеттер деуге болады. Аталмыш нысанда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірегей технологияларымен жабдықталатыны да айтылуда. Уақыт сұранысымен салынып жатқан орталық, ұлт қауіпсіздігін нығайтуға қызмет етсе мақсаттың орындалғаны.
Еркенұр Қонысбай
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар