Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда жайлы мектептер көбейе түспек 

16:24, 24 маусым 2023 251
Дәл қазір еліміздегі апатты мектептерді толығымен жойып, мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешу ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы да мектептер мәселесіне қатысты барлық аймақтарға тапсырма берген болатын. Осы орайда Алматы қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесі "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында мектеп салу бағыты бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. 2025 жылға қарай қалада 37 100 оқушыға арналған жаңа 22 мектеп пайда болады деп күтілуде.

Алматы қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесінің мәліметінше, жаңа форматтағы мектептердің көпшілігі Алатау және Наурызбай аудандарында – әрқайсысында 5 білім беру мекемесі салынады. Бостандық ауданында – 4, Түрксіб ауданында – 3, Әуезов ауданында – 2, қалған аудандарда бір-бірден мектеп салу жоспарлануда. Мектептер олардың тапшылығы байқалатын мекендерде салынуда.

Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Мектептердің құрылысы 2023 жылдың қарашасында сараптамадан өткеннен кейін басталады. Сондай-ақ, ағымдағы кезеңде қала әкімдігі мен бірқатар аудандардағы жер телімдерінің иелері арасында сегіз мектеп «толық құрылыс» жүйесі бойынша салынып, одан әрі пайдалануға беру туралы меморандумға қол қою жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық жоба аясындағы барлық мектептер бірыңғай стандарт бойынша салынады. Пәндік кабинеттер мен зертханаларды одан әрі жабдықтаумен қатар, құрылыс барысына қатаң бақылау орнатылады. Бұл ретте мектептерге қажетті барлық материалдар, құрал-жабдықтар, тіпті жиһаздар да қазақстандық өндірістен болмақ.

Жайлы мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да қолайлы жағдай жасалады, жоғары жылдамдықты интернет жүргізіледі және бастауыш сынып оқушылары, жоғары сынып оқушылары үшін бөлек кіреберістер, сондай-ақ бөлек спорт залдары, асханалар орнатылады. Ең бастысы, мектептерде Face ID және QR-кодтарды қоса алғанда, есіктерді автоматты түрде құлыптаумен кіру және шығуды бақылау жүйесін енгізу жоспарлануда. Мектеп әкімшілігі бүкіл ғимарат пен мектеп аумағындағы жағдайды нақты режимде қадағалап отыруы үшін міндетті түрде бейнебақылау жүргізілетін болады

Айта кетейік, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын Қазақстан Үкіметі 2022 жылы Президенттің "Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам" жолдауын іске асыру аясында қабылдады. Жобаның басты мақсаты -  апатты нысандарды, үш ауысымды оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жою. Республика бойынша алдағы 2 жылда барлығы 401 мектеп салу жоспарлануда.

 

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар