Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарының финалында жеңіліп, күмістен алқа тақты, деп хабарлайды Alash.kz.
ҰОҚ мәліметінше, отандасымыз жарыстан кейін финалдық белдесуге баға беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
"Жапониялық спортшымен бұған дейін белдесіп көрмеген едім. Өте тартысты кездесу болды. Бір сәтте қателік жіберіп алдым. Ол сол мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, ұпай еншіледі.
Екі жыл үзілістен кейін Азия ойындарының финалына шығудың өзі - үлкен жетістік деп ойлаймын. Оның үстіне, алғашқы белдесуімнен бастап оңай болған жоқ. Турнирлік кесте де жеңіл түскен жоқ. Корея, Моңғолия және Тайбэй елдерінің мықты дзюдошыларымен белдестім. Финалда ғана сәл сәттілік жетіспеді.
Әлі де уақыт бар, мықты болып ораламыз. Ең басты мақсатымыз - Олимпиадада тарихты жаңарту. Сонымен қатар өз елімізде өтетін әлем чемпионаты бар. Өз жерімізде алтын медаль жеңіп алып, еліміздің әнұранын шырқату мақсатымыз.
Өте қуаныштымын. Қазақ еліне, барша жанкүйерге, ата-анама, өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріме алғысым шексіз. Бұл жеңіс те, жетістік те тек менің еңбегім емес. Сондықтан әке-шешеме, бауырларыма, жан жарыма үнемі қолдау көрсетіп жүргендері үшін көп рақмет.
Қазақ елі, ренжімеңіздер, бұл жолы күміс болып қалды. Алдағы уақытта Олимпиадада да, әлем чемпионатында да алтыннан алқа тағуға бар күшімізді саламыз", - деді Елдос Сметов.