Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алаш жылнамасы. Басты оқиғалар

13:24, 15 наурыз 2024 414

1917 жылы желтоқсанның 5-і мен 13-і күндері аралығында Орынбор қаласында екінші жалпықазақ құрылтайы өтті. Аталған құрылтайда Алаш автономиясы құру туралы шешім шықты. Ел ішіндегі белгілі тарихшылар мен белсенділер осы күндер аралығын Алаш апталығы деп атап жүргені белгілі. Осы қарсаңда Алаш идеясының өмірге келуі мен Алашорданың құрылуына дейінгі аралықтың шағын хронологиясын ұсынамыз.

Алаш идеясының өмірге келуі Қарқаралы петициясынан бастау алды. 1905 жылдың маусымында Қарқаралы қаласына жақын жердегі Қоянды (Ботов) жәрмеңкесінде қазақ халқының атынан император II Николайға арналған петиция ұйымдастырылды. Оған Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінен халық арасында кеңінен танымал беделді 42 қазақ қол қойды. Кейінірек оған Семей және Ақмола облыстарының басқа да уездеріндегі қазақтар қосылды. Петиция Қарқаралы қаласынан жіберілген еді. Ол жерден 1905 жылғы 22 шілде күні жергілікті пошта-телеграф арқылы патшаның өз атына жолданды. Петицияны жазуға Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев, Темірғалы Нұрекенов, т.б. белсене ат салысты.

Қарқаралы петициясында өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту, отаршыл аппарат шенеуніктерін қысқарту, жоғары билік органдары мен Мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын сайлауға қатыстыру талаптары қойылды. Онда мынадай жолдар бар еді: «Мал бағумен айналысқаны үшін қырғыздар сайлау құқығынан неге айырылуы тиіс? Сауда-саттықпен, егіншілікпен, балық аулаумен және басқа да кәсіптің түрлерімен айналысушылар сайлау құқығынан айырылып отырған жоқ қой!»

Қарқаралы петициясында жергілікті халықтың құқығы мен арабыройын аяқ асты етуге жол бермеу, патша әкімдерінің жүгенсіздігіне тыйым салу, халықтың ана тілінде білім алуын ұйымдастыру, қоныстандыру саясатын тоқтату, тартып алынған жерлерді қазақтарға қайтару сияқты талаптар да қойылды.

Мемлекеттік шенеуніктер жоғары билік орындарына талап-тілектер айтып, петиция жолдаушыларды барынша жек көрді. Мұны Семей облысы әскери губернаторынын Дала генерал-губернаторының атына 1905 жылғы 19 маусымда жазған хатынан көруге болады: «Кырғыздардың петиция жолдап, талап қоюларына жол беруге болмайды».

Қарқаралы петициясынын мәтіні Ресей патшасының атына ғана жолданып қойған жоқ. Петицияның көшірмелері «Сын Отечества» және «Русские ведомости» сияқты орталық газеттерде жариялануы үшін олардың редакцияларына да жіберілді.

1905 жылғы 22 шілде күні петицияның бір нұсқасын Темірғалы Нұрекенов орыс тіліне аударып, Ішкі істер министрінің атына жіберді. Петицияның бұл нұсқасы барынша толық еді. Ол 47 тармақтан тұратын. Петицияның мазмұны қазақ қоғамының ХХ ғасырдың бас кезіндегі өмірлік маңызы бар күрделі проблемаларын толық қамтыды. Осы аталған мәселелер түгелге жуық Алаш идеясында көрініс тапты.

Екінші кезең «Қазақ» газетінің дүниеге келуі. Тарихи деректерге қарағанда, «Қазақ» деген атаумен қазақ газетін шығаруға ресми рұқсат Ахмет Байтұрсынұлына 1905 жылғы желтоқсанның 9-ы берілген. Ал апталық «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылғы ақпанның 2-сінде жарық көрді де, 1915 жылдан аптасына екі рет шығатын болды.

Газет қолдан қолға, ауылдан ауылға өтіп, тозып жетіп жыртылғанша оқылды. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлінген Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алды.

Үшінші кезең 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін басталды. Осы жылы сәуір айында Торғай облыстық қазақ құрылтайы өтіп, онда Тұңғыш реткі жалпықазақ құрылтайын шақыру шешімі шықты. Оны даярлау істері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бір топ зиялыға тапсырылды.

1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ құрылтайында «Алаш» партиясы құрылып, бұл съезде 14 мәселе қаралды. Осылардың ішінде:

  1. Мемлекет билеу түрі
  2. Қазақ облыстарында автономия;
  3. Жер мәселесі;
  4. Оқу мәселесі және т.б. мәселелер қозғалды.

Мемлекетті билеу түрі Ресейде демократиялық, федеративтік парламенттік республика болу керек деп көрсетілген Н.Мартыненконың «Алашорда» атты құжаттар жинағында. Ал 1917 жылы 24 маусымдағы «Қазақ» газетінде автономиялықтың негізі туралы әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылған. Қазақ мемлекетінің әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе? Қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме деген сұрақтар талқыланды.

1917 жылы 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және құрылтай материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси оқиға еді. Сол кездегі қазақ зияларының ғылыми жұмыстарымен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару әрекетімен де, көркем әдебиетімен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде:

– оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы;

– жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады;

– қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуға;

– оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы;

– үкімет оқу ісіне кіріспеуі;

– мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы;

– ел ішінде кітапханалар ашылу туралы айтылады.

– газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік – деп көрсетілген.

1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ құрылтайы өтеді. Құрылтайда қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б. болды. Осы құрылтайда алаш автономиясын құру туралы шешім шықты.

Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру (төрағасы Әлихан Бөкейхан болып, Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Алаш астанасы – Семей (кейін Алаш-қала атауын алды) қаласы болды.

1918 жылы 1 сәуірде Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Дегенмен де РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімі құрылады.

Азамат соғысы кезінде Алашорда Ақтар жағына шықты. Большевиктер Қазақстанда жеңгеннен кейін, қызыл үкіметпен бітімге келуге тура келді. Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті Алаш қайраткерлеріне 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жариялады. Алайда Совет үкіметі күшіне мінгеннен кейін, олардың өткенін ешуақытта ұмыта да, кешіре де алған жоқ. Түрлі әдіспен бүркемеленген қудалау ақыры, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты. Бұл зобалаңнан аман қалған саусақпен санарлық зиялы қазақ, өмірлерінің соңына дейін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комиеті назарынан тыс қалмады. Ал атылғандардың үрім-бұтақтары да соңғыларының кебін киді.

Бұдан кейін, 1920 жылы Қазақ Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы құрылды. Алашорда үкіметі жойылды.

Дереккөз:e-history.kz

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар