Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Айлық аз, тұрғынүй төлемдері жоқ". Құтқарушылар жұмыстан кетіп жатыр

09:42, 08 желтоқсан 2023 261


Парламент сенатында төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов азаматтық қорғау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Соның бірі құтқарушылардың әлеуметтік мәселелерін қамтыған.



Шәріпхановтың сөзінше, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы денсаулық пен өмірге қауіпті, психологиялық, физикалық тұрғыдан ауыр. Оның үстіне министрліктің күш-құралдары әрдайым, тұрақты сұранысқа ие әрі тәулік бойы жауынгерлік әзірлікте болады.




– Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғаудың жеткіліксіздігі, оның ішінде жалақының төмендігі, тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тетігінің болмауы, сауатты да, кәсіби мамандардың жұмысқа келмеуі мен тұрақтамауының негізгі себебі болып отыр, - дейді министр.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының келісімі бойынша 2023-2024 жылдарға азаматтық қорғау органдарының лимиті республикалық бюджеттен 28,3 млрд теңге бөлініп, 1 734 бірлікке ұлғайтылған. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірге
2025-2026 жылдары штат санын 1 493 бірлікке кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр.

Алдағы уақытта азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды жақсарту тапсырмасын орындау мақсатында министр:

  • мамандарды қызмет бабында ауыстыру және ілгерілету кезінде көтерме жәрдемақы, жауынгерлік іс-қимылдарға жақын жағдайлардағы жұмыс үшін үстемеақы төлеуді;

  • бюджет қаражаты есебінен қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен қызметкерлерге шипажайлық-курорттық емдеуді;

  • арнайы атақтар берілмеген құтқарушыларға еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар мен үстемеақылар белгілеуді;

  • арнаулы атақтары бар азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру ұсынады.


Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар