Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Айыппұл салынды»: Алматы көшелері туралы даулы мәлімдеме жасаған блогер жауапқа тартылды

09:21, 09 қазан 2026

Алматыда «Mini Knopka» атымен белгілі блогер Әйгерім Бердалиева көше атауларына қатысты даулы мәлімдемесінен кейін ұсақ бұзақылық бабымен кінәлі деп танылды. Шаһар соты оған 60 550 теңге айыппұл кесті, деп хабарлайды Alash.kz.

Оқиға Eurasian Fashion Week сән апталығының жарнамалық билбордынан басталған болатын. Қала көшелеріне өзінің суреті ілінгеніне қуанған блогер Достық даңғылын бұрынғыша «Ленин» деп атап, желіде оқырмандардың сынына қалды. Өзіне айтылған ескертулерге жауап берген ол, қайта кеңестік атауларды жақтап, дөрекілік танытқан.

Қоғамның ашуын туғызған жазбасында блогер:

 «Маған бәрібір – Ленин. Одан да асырып айтайын: маған бәрібір 2 – Фурманов! Ешқандай Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан деген атауларды қолданбаймын. Нағыз алматылықтар Ленин, Фурманов, Дзержинский, Мира, Виноградов, Комсомольская деп айтады. Ал пікірлеріңде не жазсаңдар да өздерің біліңдер», — деп шорт кескен еді.

Желідегі бұл даудан кейін Eurasian Fashion Week ұйымдастырушылары дереу мәлімдеме жасап, халықтан кешірім сұрады. Олар Айгерім Бердалиеваның бұл ұстанымын айыптап, оны сән апталығының барлық жарнамалық билбордтарынан алып тастайтындарын хабарлады.

Ал Алматы қалалық соты істі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша қарап, мынадай шешім шығарды:

«Сот қаулысымен азаматша Б. кінәлі деп танылып, оған 60 550 теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар