Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғауға арналған заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов елде Ұлттық археологиялық қызмет құрылатынын мәлімдеді. Бұл бастама Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында жүзеге аспақ, деп Alash.kz ұлттық поралы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда археологиялық жұмыстарды ғылыми тұрғыдан қадағалап, үйлестіретін нақты мемлекеттік орган жоқ.
"Кім қалай істеймін десе, солай істейді – біреуі музеймен, біреуі әкімдікпен, біреуі жеке өзі бетімен әйтеуір білгенін істеп жүр. Нәтижесінде – ретсіздік, қайталау, бақылаусыздық. Мәселені қалай шешеміз? Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында енді Ұлттық археологиялық қызмет құрылады. Бұл қызмет – нағыз археологиялық "ми орталығы" болады", – деді ол.
Жаңа қызмет археологиялық қазбаларға мониторинг жүргізіп, ғылыми сараптама жасап, бірыңғай ақпараттық жүйені қалыптастырады. Сондай-ақ археологтарға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіп, зерттеу бағыттарын айқындауға көмектеседі.
"Кім, қай жерде, қандай қазба жұмыстарын жүрізді? Не табылды? Ғылыми әдістемеге сәйкес пе? Оның есебі – толық белгісіз. Мемлекетке толық, әрі сенімді ақпарат жетпейді. Тек ескерткіштер тізімінің өзі қазір 42 тізімдерде шашыранқы түрде. Ал қазба жұмыстары бойынша, есептерді ешкім ешқайда өткізбейді. Яғни қазбалар бар, бірақ есептер жоқ. Табылған жеке жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ. Нәтижесінде кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелінсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр", – деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа жүйе бұл олқылықтардың орнын толтырып, археологиялық саланы толық цифрландыруға мүмкіндік береді.
"Біз осы жүйесіздікті тоқтатып, археологиялық жұмыстардың толық цифрлық жүйесін енгіземіз. Кім, қай жерде нені қазып жатыр? Қалай қазып жатыр? Не табылды? Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар тізімі – енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады. Бұл жүйе саланы ашық қылып, есептілік пен тәртіпті орнатады", – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.