Ақтөбеде екі жыл бойы бірге тұрған әйелін аяусыз соққыға жығып, шашынан сүйреп, буындырған 26 жастағы такси жүргізушісі сот залынан босап шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Іс материалдарына сәйкес, азаматтық некедегі ер адам бұған дейін де бірнеше рет жауапкершілікке тартылғанымен, әйел оны әрдайым кешіріп келген. Сот процесінде айыпталушы өз кінәсін мойындап, өкініш білдірді:
«Тергеу изоляторында қамауда болған кезде түзелу жолына нық түстім. Арамызда жанжалдар болғанынымен, мені бас бостандығымнан айырмауларыңызды сұраймын», — деді сотталушы.
Ал жәбірленуші тарап араларында жақын қарым-қатынас болғандықтан, бұған дейінгі арыздарын қайтарып алып, қайта татуласқандарын растады. Бұл жолы да әйел азаматын кешіріп, оны түрмеге жаппауды өтінді.
Дегенмен сот айыпталушының әрекетінен «азаптау» құрамын таппай, істі «ұрып-соғу» қылмыстық теріс қылығына қайта саралады. Шешім бойынша сотталушыға 12 тәулікке әкімшілік қамау жазасы кесілді.
Ер адамның тергеу изоляторында бес айға жуық отырғаны ескеріліп, ол үкім жарияланғаннан кейін бірден босатылды. Сонымен қатар сот айыпты азаматқа бір ай бойы әйелден бөлек тұруды және оны мүлдем мазаламауды міндеттеді.