Экс-мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек ұзақ уақыттан бері ауыр науқастанып, төсек тартып жатқан бұрынғы әріптесі Таңсауле Серіковтің хәлін біліп қайтқанын айтып, қазақстандықтарды елге еңбегі сіңген азаматқа қолдау білдіруге шақырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Парламенттің экс-депутаты әріптесінің басынан өткерген ауыр кезеңдеріне тоқталып, оның денсаулығы туралы сөз қозғады:
«Елге қызмет еткен азаматтарды ұмытпайық! Осы аптада Талғар қаласындағы клиникаға барып, ұзақ уақыттан бері ауыр халде жатқан өзіміздің бауырымыз, әріптесіміз Парламент Мәжілісінің 8 шақырылым депутаты Таңсауле Ғабдыманапұлы Серіковтің жағдайын біліп қайттым. Шынымды айтсам, Таңсауле жыл басынан бері денсаулығына байланысты үлкен қиындықтарды бастан өткеріп келеді. Комаға түскен кездері де болды. Бірнеше күрделі ота жасалып, ұзақ уақыт төсек тартып жатты. Енді ғана есін жиып, басын көтеріп, сауығу жолына түсе бастады. Таңсаулені Мәжілістегі әріптесім ретінде де, азамат ретінде де жақсы білемін. Ол Парламентте өте белсенді жұмыс істеді. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше көңіл бөлді», — деді Бақытжан Базарбек.
Бұдан бөлек, ол Таңсауле Серіковтің заң жобаларын талқылау кезіндегі сіңірген еңбегі мен белсенділігін атап өтті:
«Құрылыс кодексін талқылау кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолайлы орта қалыптастыру, құрылыс нысандарында тиісті жағдай жасау жөнінде бірқатар маңызды ұсыныстар енгізді. Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын қарау барысында да мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестіктеріне қолдау көрсету, мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу кезінде оларға тиісті жеңілдіктер беру мәселесін көтерді. Ал Цифрлық кодексті талқылау кезінде Таңсауленің белсенділігіне ерекше тәнті болдым. Өйткені оның өзі де, жұбайы да — байланыс саласының мамандары. Сондықтан бұл саладағы мәселелерді терең түсініп, өзекті ұсыныстарын батыл жеткізе білді», — деп жазды Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ экс-депутат ауыр хәлде жатқан азаматты бұл қиындықта жалғыз қалдырмауға шақырып, ағынан жарылды:
«Қазір Таңсауле біздің қолдауымыз қажет. Бірнеше отадан кейін оның емделуіне және оңалуына материалдық көмек керек болса да, Таңсауле бауырым айтпауға тырысуда. Бірақ мен сезіп отырмын. Әріптестерім, бұрыңғы депутаттар мен қазіргі Таңсаулені танитын Құрылтай депутаттары Талғарға жолы түсіп тұрса уақыттарын бөліп барып қайтса игі іс болар еді. Ел үшін еңбек еткен азаматты қиындыққа тап болған кезде жалғыз қалдырмайық! Біз кейде адамның қоғамға сіңірген еңбегін қызметте жүрген кезінде бағалай бермейміз. Ал шын мәнінде, елге қызмет еткен азаматтарды тірі кезінде қадірлеп, еңбегін бағалап, басына іс түскенде қолдау көрсетуіміз керек. Таңсауле бауырымызға Алла шипасын берсін! Денсаулығы тезірек қалпына келіп, отбасымен аман-есен қауышып, ортамызға оралсын! Бірлігіміз — қиын сәтте бір-бірімізге сүйеу бола білуімізде», — деп түйіндеді сөзін ол.
