Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жұбайы Толқын Тұрарбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында үлкен қызы Кәусардың денсаулығын оңалту және емделу барысы туралы бөлісіп, жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесінің келіншегі қызының жаттығу кестесінің өте тығыз әрі қарқынды өтіп жатқанын жеткізді:
«Бізде қарқынды тренировка қайта басталды. Түске дейін 2 сағат ЛФК, түстен кейін 2 сағат логопед-дефектолог, одан кешке 2 сағат тағы ЛФК. Алла бұйыртса жүгіріп кетеді», — деді ол.
Сонымен қатар Толқын ана ретінде қызының шаршағанын көріп, іштей қиналса да, мақсатқа жету үшін оған барынша демеу болуға тырысатынын айтты:
«Кәусарым шаршағанын айтады. Бірақ бұл тоқтайтын жер емес деп қамшылаймын. Айтуын айтып алып, іштей қиналатыным бар. Осы уақытқа дейін талапты көп қойып келгенімді енді түсінемін. Балаға «ішкі тіректің мықты болуы маңызды» деп ойлаймын. Мақсатқа жету жолы оңай болмайды. Әр мақсаттың өз қиыншылығы бар. Бірде нәпсіңмен күресесің, бірде қалауыңды тиясың. Бірде уақытыңды арнайсың. Бірде көптеген нәрседен бас тарту керек болады. Бірақ еңбектің қарымын Алла міндетті түрде сол берген нәрселеріңнен еселеп орнын толтырып береді екен. Бірге күйіп, пісіп өртеніп, жанып кететіндей-ақ жол. Ішіңде жалындап тұрған нық сенім мен үмітің болмаса, шайнап жұтып дымыңды қалдырмайтын жол. Себебі ана балаға келгенде өте әлсіз. Ал оның қиналғанын көру, сезу, бірге өткеру тіптен ауыр. Сондықтан ішіміздегі ниет, қойған мақсат, сенім мен үміт бәрінен БИІК болу керек деп ойлаймын», — деп ағынан жарылды.
Сонымен бірге ол қызына алдағы уақытта тағы да медициналық ем-шара қажет екенін хабарлап, қызымен арадағы рухани әңгімесін жеткізді:
«Бүгін қызыма тағы да диспорт салдыру керек деді. Біз 4 ай бұрын бірінші рет салдыртқан едік. Өте қатты жылаған. Маған біраз ренжіп жүрген еді. Ешқашан салдырмаймын деген. Енді алдағы қарқынды тренировка тағы да керек. Процедура жалпы жеңіл емес. Психологиялық моральды тұрғыда дайындық жасап қоямын қызыма. «Біз екеуміз қай соғыстан бері келе жатырмыз деймін. Небір операцияларды өткердік. Енді қандай қару бар, барлығын сайлап, уколдарымызды да салдыртайық деймін. Сен деген қайтпас қызсың ғой қайсар. Жеңілмейік деп қоям... » Біздің әңгімелердің сарыны ғой, мен елжіресем, қызым қоса елжірейтінін біліп тауып айтқаным ғой», — деп түйіндеді Толқын Тұрарбекқызы.