Астананың сол жағалауындағы Әнет баба көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде қайғылы оқиға орын алып, қалалық полиция департаменті суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға орнында бірнеше полиция көлігі мен жедел жәрдем бригадасының жұмыс істеп жатқан бейнежазбалары әлеуметтік желілерде тарады. Threads қолданушыларының мәліметінше, 9 қараша күні кешке екі жасөспірім қыз 13-қабаттың терезесінен құлап кеткен. Құқық қорғау органдары өкілдері оқиғаның негізгі себебіне қатысты қысқаша түсініктеме берді:
«Суицид дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», — деп мәлімдеді Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Дегенмен ведомство өкілдері тергеу құпиялылығына байланысты оқиғаның нақты мән-жайын, зардап шеккендердің санын, олардың жасын және әлеуметтік желіде тараған екі жасөспірімнің қаза тапқаны туралы ақпаратты ресми түрде нақтылаған жоқ. Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың толық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу амалдары жүргізілуде.