Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желідегі парақшасында қарындасының араларында болған соңғы күнін еске алып, отбасының басынан өтіп жатқан ауыр кезеңдері туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Айтбек Амангелді қаралы даталардың отбасына оңай тимей жатқанын жеткізіп, бұл күндерді мұңмен емес, жаңа естеліктермен қарсы алуға тырысатынын айтты:
«9 бен 11 қараша біз үшін қайғылы да ауыр күндерге айналды. Бірақ алда әлі 9 бен 11 қараша қайталанып келетін қаншама жыл бар. Барлық отбасымыздың жыл сайын осы күндері түнекке батқанын қаламаймын, содан осы күндері жаңа естеліктер қалыптастыра бастағым келеді. Бүгін — 8 қараша, Салтаның арамызда болған ең соңғы күні. Бүгін біз Салтаға қаза тапқан күні емес, оның өмірдегі ең соңғы күнін еске алу үшін бара жатырмыз», — деді Айтбек Амангелді.
Сонымен қатар ол жақындарының ішкі тебіренісі мен өмірге деген көзқарасының қалай өзгергенін тілге тиек етті:
«Осы күнге дейінгі екі апта — біз жасырып жүрген, ешкімге көрсетпейтін шексіз ұйқысыздық пен көз жасына толды. Саналы да жақын жандардың бәрі бұл біз үшін оңай кезең емес екенін, ал жүзіміздегі күкі бұл ауырсынудан қашу екенін түсінеді. Осы күндері өмір сүруге деген құштарлық пен өмірдің қаншалықты болжаусыз екенін ұғу ерекше сезіледі», — деп ағынан жарылды марқұмның ағасы.
Жазба соңында Айтбек қарындасының жарқын бейнесін құрметпен еске алып, мұңды ойын түйіндеді:
«Бұл күндері тыныс алудың өзі ауыр, бірақ қиындыққа қарамастан жаңа күн туады және біз одан қашып құтыла алмаймыз. Бүгін біз оның жарқын өмірінің соңғы күнін еске алып, гүл апардық. Жүректе өкініш пен мұң бар», — деп жазды ол.