Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Апатты жағдай... Қарапайым талаптар сақталмайды»: Олжас Бектенов ерекше бақылау керек екенін айтты (ВИДЕО)

11:45, 10 қараша 2026

Олжас Бектенов әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт қауіпсіздігі айлығын қараша айының соңына дейін жалғастыруды тапсырды, деп жазады Alash.kz.

Бірінші кезекте, студенттер тұратын орындарды – жатақханалар мен хостелдерді, сондай-ақ білім беру нысандарын ерекше бақылауға алу керек

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғын үй секторында, әсіресе студенттер мен еңбек мигранттары тұратын үй-жайларда өрт қауіпсіздігі бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

«Әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын қараша айының соңына дейін жалғастыруы қажет. Бірінші кезекте, студенттер тұратын орындарды – жатақханалар мен хостелдерді, сондай-ақ білім беру нысандарын ерекше бақылауға алу керек», 
— деп атап өтті Үкімет жетекшісі. 

Бұдан бөлек, еңбек мигранттары тұратын үй-жайлардағы өрт қауіпсіздігіне бақылауды күшейту қажет.

«Жұмыс іздеп, табыс табуға келген адамдар көп жағдайда қарапайым, арзан баспананы жалға алады. Ал ондай үйлердің қауіпсіздік деңгейі төмен, тіпті кейбірі апатты жағдайда болады. Атап айтқанда, тек елорданың өзінде осындай  860 нысан есепке алынған. Өткен қыста оларда 30-ға жуық өрт оқиғасы орын алған. Негізгі себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталуы, отты абайсыз пайдалану және қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау. Әкімдіктерге Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, осындай үй-жайларды ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Сондай-ақ өрт шығу қаупі бар жағдайларды анықтап, шұғыл шаралар қабылдау үшін тұрақты рейдтер өткізіп тұру қажет»,
 — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жалпы Мәдениет және ақпарат министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, профилактикалық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тарату мәселелерін пысықтау, ал Төтенше жағдайлар министрлігіне жылу беру кезеңінде өрт жағдайларының алдын алу бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын тиімді үйлестіру тапсырылды.

Жұмыстарды бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар