Ақтөбеде шойын жол мамандарын дайындайтын колледж жатақханасының 4-қабатынан құлап, есін жимастан қайтыс болған 17 жастағы студент Нұрбақыттың өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Осыдан жеті ай бұрын болған қайғылы оқиға кезінде төменгі курстың үш студенті бөлмеде ойын ойнап отырғанда, оларға IV курс студенті, 21 жастағы Мәди Сүгербай кіреді. Куәгерлердің айтуынша, ол алдымен темекі сұрап, табылмаған соң өзге бөлмелерден іздеп келуді, кейін дүкенге баруды бұйырған. Жатақхана есігі жабық болғандықтан, 1-курс студенті бір-біріне байланған төсек жапқыштар арқылы терезеден сыртқа түспек болады. Бұл сәтте мата үзіліп кетіп, Нұрбақыт төменге құлап, 42 күн комада жатып көз жұмды. Марқұмның анасы жатақханада әлімжеттік болғанына сенімді:
«Менің балам сол жерде отырды дейді. «Нұрбақыт, сен барып келесің» деп айтты дейді. Бұл жерде анық әлімжеттік бар. Бірінші сотта адвокаттары келіп қайыр айтып жатыр. Қазақпыз ғой, ең құрыса артынан қайырын берсін деген бір ауыз жылы сөз айтуға болады ғой. Мен ауруханада 42 күн жүргенде «балаңның жағдайы қалай?» деп біреуі де сұраған жоқ», — деді өкінген ана Гүлайым Кулова.
Өз кезегінде сотталушы Мәди Сүгербайдың анасы бұл жағдайды оқыс оқиғаға балап, ұлына жала жабылғанын алға тартты:
«Балалар дүкенге шығайын деп жатқан соң, екі мың теңге берген: «Маған да бірдеңе ала келші» деп. Ол оның арасында болған жоқ, өз бөлмесіне кеткен. Ұрып-соқпаған, менің балам шыбынға да тиіспейді. Оқиға кезінде тіпті қасында болған жоқ. Өлікті біреуге аудару үшін бәрін менің балама жауып отыр», — деп сөзге араша түсті Бақытжамал Шабаева.
Айта кетейік, басты күдікті деп танылған IV курс студентіне қауіпті жағдайда қалдыру және абайсызда адам өліміне себепші болу баптары бойынша айып тағылған. Алайда ол бұл айыптаулармен келіспейді. Ал ұлынан айырылған ана бұл істе күдіктімен бірге колледж бен жатақхана басшыларының да жауапқа тартылуын талап етуде.