Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жаңа тариф енгізіледі»: Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттайды

19:00, 09 қараша 2026

Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысын қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Жаңа тарифті желтоқсан айының ортасынан бастап енгізу жоспарланып отыр,

Елорда әкімдігінің мәліметінше, Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңге болып, 2014 жылы белгіленген. Содан бері 12 жыл ішінде тариф небәрі бір рет қайта қаралып, бүгінде 110 теңге болып тұр.

Сонымен қатар 2014 жылдан бері тасымалдаушылардың негізгі шығындары да едәуір өсті. Атап айтқанда, жанармай, қосалқы бөлшектер мен жаңа автобустардың құн, сондай-ақ жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын көбейген. Мәселен, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазір 329 теңгеге жетті. Осылайша, аталған кезеңде дизель отынының бағасы үш еседен астам өскен.

Жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын да айтарлықтай артты. 2014 жылы олардың орташа жалақысы шамамен 100-150 мың теңге болса, қазір автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталады.

Осы кезеңде қосалқы бөлшектердің, дөңгелектері мен аккумуляторлардың бағасы, автобустарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу шығындары, сондай-ақ жаңа көлік сатып алу құны да қымбаттады.

Пайдалану шығындары айтарлықтай артқанына қарамастан, елордада қоғамдық көлік паркін жаңарту және дамыту жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарына сай келетін 1127 жаңа көлік сатып алды.

«Сонымен қатар Астанада халықты әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы шаралары сақталған. Астана қаласы мәслихатының 2018 жылғы 29 наурыздағы №244/30-VI шешіміне сәйкес, азаматтардың жекелеген санаттарына қалалық жолаушылар көлігінде тегін жүру түрінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Тегін жүру құқығы мына санаттағы азаматтарға беріледі:

1.    Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектігі бар адамдары және оларға теңестірілген тұлғалар;

2.    жасы бойынша және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан зейнеткерлер, сондай-ақ зейнет жасына жеткен, жасына байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;

3.    көпбалалы аналар;

4.    көпбалалы отбасылар;

5.    мүгедектігі бар адамдар;

6.    18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар және олардың ата-анасының (заңды өкілдерінің) бірі;», – делінген елорда әкімдігі таратқан хабарламада.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар