Қазақстандағы Адам құқықтары бюросы (ҚАҚБ) Атыраудағы тұрғын үй кешендерінің бірінде қаза тапқан әйелге қатысты жаңа дерек жариялады, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Атыраудағы NCOC компаниясында игеру жоспарлау бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген 46 жастағы Бибігүл Шпанова жұмбақ жағдайда қаза тапты. Оны әлдекімнің аяусыз өлтіргені айтылады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмның денесінен пышақ жарақаттары табылған, үйдегі сейф бұзылған. Қаза тапқан әйелдің туыстары әділ әрі бейтарап тергеу жүргізу үшін біздің бюромыздан көмек сұрады», – делінген ҚАҚБ хабарламасында.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, Бибігүл Шпанова – еліміздің ірі жобаларының дамуына, соның ішінде Қашаған жобасына да зор үлес қосқан білікті маман болған.
«Сондықтан бұл оқиғаның барлық қырларын жан-жақты зерттеу қажет», – дейді Адам құқықтары бюросы. Олардың пікірінше, қылмыстың кәсіби қызметпен байланысын да тергеу нұсқасы ретінде қарастыру керек. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр.
Отбасы мүшелерінің айтуына қарағанда, күдікті өзін сантехник немесе слесарь ретінде көрсетіп, әйелдерді ұзақ уақыт бойы алдаған.