Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының азаматтық қоғамға, бизнес өкілдері мен бей-жай қарай алмайтын барлық қазақстандыққа арналған үндеуі

15:53, 15 сәуір 2024 395
Біздің ел бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатыр. Мұндай ауқымдағы табиғи апат соңғы рет 80 жыл бұрын тіркелген болатын. Дәл қазір Қазақстанның 8 өңірі су тасқыны аймағында қалып отыр. Бірнеше қала мен аудан түгелдей судың астында қалды. Елді мекендердің көлік қатынасы үзілді. Адамдар баспанасы мен мал-мүлкінен айырылды. Республика бойынша 100 мыңнан астам адам үйсіз қалды. Олардың 36,5 мыңы - бала.


Біз зардап шеккен қазақстандықтардың жағдайына ортақтаса отырып, мемлекеттің су тасқынының салдарын жоюға бағыттаған шараларын қолдаймыз. Алайда, азаматтық қоғамның қатысуынсыз бұл қиындықтарды еңсеру мүмкін емес. Жұмыла отырып су шайған ауылдарды қалпына келтірсек, баспанасыз қалған жүздеген отбасының қалыпты өмірге оралуына көмектесе аламыз.

Қазіргі таңда ел бойынша Қордың 1 жарым мыңнан астам жақтасы өңірлердегі еріктілер, құтқарушылар және әскерилермен бірлесіп, бөгеттер мен бекіністер салуға, гуманитарлық көмекті жинау және таратуға атсалысып жатыр. Ел басына күн туған мұндай ауыр шақта, біз бірігуге үндейміз.

Қазірдің өзінде Қор бұл жұмысқа білек сыбана кірісіп, нақты шараларды жүзеге асырып жатыр. Соның бірі – «Көмек керуені» акциясы. Қор қызметкерлері зардап шеккен өңірлермен байланыс орнатып, олардың қажеттіліктеріне орай жедел әрекет етіп жатыр. Біз су басқан аудан тұрғындарын сұрастырып, қажетті гуманитарлық көмектің тізімін анықтадық. Оған азық-түлік, тұрмыстық заттар, сондай-ақ мектеп оқушыларына арналған кеңсе құралдары кіреді. Алдағы күндері Астанадан жүк көліктері мен автобустардан тұратын автокеруен жолға шығады.

«Көмек керуені» 5 өңірге барады. Тасқын судан аса қатты зардап шеккен Қостанай және Ақтөбе облыстарының аудандарына, Арқалық пен Ақтөбе маңындағы ауылдар мен Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының елді мекендеріне дейін жетіп, гуманитарлық көмекті үлестіреді. Біздің қор қызметкерлері мына жағдайға бей-жай қарамайтын барлық қазақстандықтарды бұл акциямызды қолдауға және қиын жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созуға шақырамыз!

Екіншіден, Қор тасқын салдарын жоюға қазірден бастап кірісу қажет деп есептейді. Үлкен су кеткенде, бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. Осыған орай, біздің Қор еріктілер жасағын құратынын хабарлайды. Еріктілер жасағы су қайтқан аумақтарды тазартып, дезинфекциялауға, сондай-ақ зардап шеккен аймақ тұрғындарының тезірек үйлеріне оралуы үшін бұзылған нысандарды қалпына келтіруге көмектеседі. Қордың жақтастары су басқан аумақтарды қалпына келтіру үшін еріктілер жасақтарына қосыла бастады. Бүгінде Қызылорда, Шымкент және Түркістан еріктілерінің алғашқы легі жолға аттануға дайындалып жатыр.

Еріктілердің апат болған аймақтардағы үздіксіз жұмысы үшін оларды бір өңірден екінші өңірге жеткізіп, жұмыс құралдарымен, арнайы киіммен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету қажет. Тағы бір маңызды мәселе – еріктілер тұратын шатырларды әзірлеу керек. Қордың бастамасымен елдегі ерікті құрылыс жасақтарына керек-жарақ сатып алынып жатыр. Акцияны жедел өткізу үшін бізге қазақстандықтардың көмегі қажет.

Сондықтан біз, қоры қызметкерлері бизнес өкілдеріне жүгініп, отандық кәсіпкерлерді зардап шеккен өңірлердің қалпына келтіруге үлес қосуға шақырамыз! Сіздер қол ұшын созбасаңыздар, бұл міндетті атқару қиынға соғады...

Қор өз қамқорлығының үшінші қадамды ретінде, табиғи апаттан зардап шеккен кішкентай қазақстандықтардың денсаулығын оңалтуды ұсынады. Су басу аумағында қалған балалардың жазғы демалысын ұйымдастырып, оларға психологиялық көмек көрсету керек. Бизнес өкілдері бұл игі істен шет қалмайды деп сенеміз. Себебі, Қазақстанның болашағы – дені сау ұрпақтың қолында.

Қазақ халқында «Асар» деген әдемі әдет-ғұрып бар. Сол арқылы үлкендер қиын шақта ешкімді жалғыз қалдырмауды, мұқтаж жанға қол ұшын созуды үйретті. Біз өзіміздің игі істеріміз арқылы қиындыққа тап болған қазақстандықтарға олардың жалғыз емес екенін көрсетеміз! Ендеше, ел тағдырына немқұрайлы қарамайтын барлық қазақстандықтарға айтарымыз: келіңіз, елдің қамы үшін бірігейік. Біз біріге отырып, бұл қиындықты да еңсеріп шығамыз!

#Әділдік және Өркендеу #Біз біргеміз!
Байланыс ақпараты:
Қордың қабылдау бөлмесі +7 775 293 97 83 (қазақ, орыс тілдерінде).
Баспасөз хатшысы Гүлжан Мархабаева (қазақ, орыс тілдерінде), Тел.: +7 701 986 9966,
пошта: adildik.org.kz@gmail.com. сайт: adildik.org.kz
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар