Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

828 өтінішке 187 млн теңге. Қостанайда су тасқыны залалы есептеліп, өтемақы берілуде

15:52, 14 сәуір 2024 599

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 187 млн теңге әлеуметтік төлем берілді.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов айтып берді.

Өңірдің екі қаласында және 4 ауданында төтенше жағдай жарияланған.

"Аталған аумақтардың барлығында зардап шеккендерге залалды өтеу бойынша комиссиялар құрылып, жұмыс жасап жатыр. Төлем туралы шешімдерді комиссиялар жылжымайтын, жылжымалы мүлік пен малды бағалаудан кейін және техникалық тексеруден кейін қабылдайды", - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Бүгінгі күні 609 үй тексерілді, қалпына келтірілмейтін 269 үй иесіне жаңа баспана беріледі.

Зардап шеккен халыққа әлеуметтік қолдау жұмыстары су тасқынының алғашқы күндерінен бастап жүргізілуде. Әзірге 828 өтініш бойынша 187 млн теңге төленді, өтініштерді қабылдау және төлеу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар су тасқыны салдарынан 976 мал қырылған. Әзірге оның 214-і бойынша төлем жасалды.

"Электр желілерінің 1 414 тірегі зақымдалған, соның ішінде 52 жоғары вольтты тірек бар. Барлық ірі елді мекендерде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді, бірақ шамамен 16 шағын елді мекен әлі күнге дейін электр қуатынсыз қалып отыр. Қазіргі уақытта смета әзірленді, қажетті материал мен тіректер дайындалуда", - деп толықтырды Е.Спанов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар