Англияда 10 жастағы Сара Шариф есімді бүлдіршіннің әкесі мен өгей анасы оның өліміне қатысы бар деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
43 жастағы такси жүргізушісі Урфан Шариф пен 30 жастағы Бейнаш Батул 11 желтоқсанда қылмыскер деп танылды. Лондондағы Орталық қылмыстық соттың (Олд-Бейли) судьясы Джон Кавана олардың үкімін жариялады.
Шарифке 40 жыл, Батулға 33 жыл түрмеде отырғаннан кейін ғана шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігі берілмек.
Сонымен қатар 29 жастағы Сараның ағасы Фейсал Малик қыздың өліміне жол бергені үшін кінәлі деп танылып, 16 жылға сотталды.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік қызметтерге қатысты қатаң сынға әкелді. Сараға қатысты зорлық-зомбылықтың белгілері ерте байқалмағанына жұртшылық наразылық білдірді.
2023 жылдың тамызында Сараның денесі Англияның оңтүстігіндегі Уокинг қаласындағы бос тұрған үйден табылды. Сараның денесінде 71 жерінен жарақаты және кемінде 25 сынған сүйегі болғаны анықталды. Оның көгерген денесінде үтіктің күйік іздері болған.
Судья Батулдың қызға қатыгездік танытқанын және Сара оның туған баласы болмағанын атап өтті. «Ол Сараны құрбан етуге дайын болды», деді судья.
Сараның денесіндегі жарақаттар оның соңғы апталарда «адам сенгісіз азапқа» ұшырағанын көрсетті. Судья қызды «өзгеше мінезді сүйкімді бала» деп сипаттады, ол төзгісіз қиындықтарға қарамастан позитивті көзқарасын жоғалтпаған.
Сараның өлімінен бір күн өткен соң, үш ересек адам Уокингтегі үйлерін тастап, бес баласымен бірге Пәкістанға қашып кеткен.
Шариф Англиядағы полицияға қоңырау шалып, Сараның қайтыс болғанын хабарлаған. Ол өз қолымен жазып кеткен хатында қызын өлтіруді қаламағанын жазған.
Бір ай бойы қашып жүргеннен кейін олар Ұлыбританияға оралды. Қону сәтінде әуежайда бірден қамауға алынды. Ерлі-зайыптылардың бес баласы Пәкістанда туыстарының қарауына берілді, олардың болашағы сотта шешілетін болады.
Бұл оқиға Ұлыбританияда ерекше наразылық тудырды. Әлеуметтік қызметтер Сараның әкесінің оны мектептен алып, үйде оқытуға көшіруіне назар аудармаған. Осыдан 4 ай өткен соң қыз көз жұмды.
Сараның мұғалімі сотта қыздың бірде сыныпқа хиджаб киіп келгенін айтқан. Ол киіммен денесіндегі көгерген іздерді жасыруға тырысқан, алайда олардың қалай пайда болғанын түсіндіруден бас тартқан.
Шариф пен оның бірінші әйелі, Сараның туған анасы Ольга Домин (Польша тумасы) әлеуметтік қызметтерге бұрыннан белгілі болған.
2019 жылы ажырасқаннан кейін Шариф бұрынғы әйеліне көрсеткен зорлық-зомбылыққа қарамастан, Сараның толық қамқорлығын өз қолына алған.